Абай облысы

«Ғылым таппай мақтанба»: білім – болашаққа бастар жол

Елдің ертеңі – білімді ұрпақтың қолында. Қай заманда да халықтың қуаты байлығымен ғана емес, ғылымға деген ұмтылысымен, жаңа білім қалыптастыру қабілетімен өлшенген. Бүгінгі әлемде де мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі ғылыми әлеуетіне, озық ойы мен жасампаз ізденісіне тікелей байланысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «Қазіргі дәуірдің басты қозғаушы күші – білім, ғылым және инновация» деген сөзі осы шындықты айқындай түседі. Болашақ ұрпаққа ғылым мен білімге, жоғары технологияларға сүйенген қуатты ел қалдыру – бүгінгі қоғамның ортақ міндеті. Бұл міндетті жүзеге асыруда жоғары оқу орындарының орны ерекше. Университет – маман даярлайтын білім ордасы ғана емес, жаңа идеялар туындайтын, жас ғалымдар қалыптасатын, елдің зияткерлік әлеуеті өсетін орта.

Мұндай ортаның қалыптасуы мен дамуы оның  оның білім беру мен ғылыми қызметінің халықаралық көрсеткіштерінен де аңғарылады. Соның бір айғағы – Шәкәрім университетінің QS Asia University Rankings 2027 халықаралық рейтингі бойынша Азияның үздік 500 университетінің қатарына енуі. Бұл – университет ұжымының ортақ еңбегінің нәтижесі әрі алдағы ғылыми ізденістерге серпін беретін маңызды жетістік.

Университеттің құндылығы қоғамға қандай білім бергенінен, ғылымға қандай үлес қосқанынан, ұрпаққа қандай рухани және зияткерлік мұра қалдырғанынан көрінеді. Әсіресе тарих ғылымында әрбір жаңа деректің, табылған құжаттың өзіндік орны бар. Архив қорларында сақталған әрбір құжаттың артында адам тағдыры, бір әулеттің өмірі, тұтас дәуірдің шындығы тұруы мүмкін. Тарихшының міндеті – сол деректерді сөйлетіп, өткеннің көмескі беттерін бүгінгі ұрпаққа таныту.

Шәкәрім университетінде жүргізіліп жатқан тарихи зерттеулер де осы мақсатқа бағытталған. 2026 жылы аяқталған үш ғылыми жобаның нәтижесінде жарық көрген еңбектер – соның айқын дәлелі.

Профессор М.Қ. Кәрімов жетекшілік еткен «Саятқора Шәкәрім: тарихи және этноархеологиялық зерттеу» жобасы аясында монография жарық көрді. Шәкәрім Құдайбердіұлының рухани мұрасын тарихи және этноархеологиялық деректер негізінде зерделеу ұлы ойшыл өмір сүрген ортаны тереңірек тануға мүмкіндік береді.

Профессор Г.А. Әбенова жетекшілік еткен «Қазақ-жоңғар қатынастары тарихының жаңа беттері: XVII ғасырдың екінші жартысы – XVIII ғасырдың 50-жылдары» жобасының нәтижесінде құжаттар жинағы басылып шықты. Бұл еңбек қазақ-жоңғар қатынастарының күрделі кезеңін нақты тарихи деректер арқылы танып-білуге жол ашады.

Профессор Б.Ж. Атантаева жетекшілік еткен «Семей округіндегі қарулы көтерілістер: құжаттардағы тарихы мен қатысушылар тағдыры (1929–1931 жж.)» жобасы бойынша да деректі жинақ жарық көрді. Құжаттардан сол кезеңдегі Семей өңіріндегі ауыл өмірін, халықтың көңіл күйін, билікпен арадағы күрделі қатынастарды және тарихи оқиғалардың қарапайым адамдар тағдырына әсерін көруге болады.

Тақырыптары әртүрлі болғанымен, бұл үш жобаны біріктіретін ортақ мұра бар. Ол – тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізу, халқымыздың өткенін тереңірек тану және келер ұрпаққа құнды мұра қалдыру. Жарық көрген монография мен екі құжат жинағы – ғалымдар еңбегінің нақты нәтижесі әрі болашақ зерттеулерге негіз болатын басылымдар.

Ғылымның дамуы зерттеу жүргізумен ғана шектелмейді. Оның нәтижесін жариялау, ғылыми пікір алмасу, жас зерттеушілерге жол ашу да маңызды. Шәкәрім университетінің Shakarim Journal of History журналы 1997 жылдан бастау алатын ғылыми дәстүрді жалғастырып келеді. Мұндай басылымдар ғалымдар арасындағы байланысты нығайтып, жаңа зерттеулердің ғылыми ортаға жетуіне мүмкіндік береді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X құрылтайында 10.11.2026 ж. сөйлеген сөзінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын білім, ғылым және жаңа технологиялар саласында кеңейтудің маңыздылығына тоқталып, түрлі ғылым салаларын қазақ тілінде меңгеруге қолайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті.  Бүгінгі жоғары білім кеңістігіндегі маңызды міндеттердің бірі – қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі мүмкіндігін кеңейту. Ана тілімізде ғылыми еңбек жазу, зерттеу нәтижелерін қазақша жариялау, күрделі ғылыми ойды дәл әрі түсінікті жеткізу – тілге деген құрметтің нақты көрінісі. Қазақ тілі ғылым тілі болуға лайық па деген сұрақтан гөрі, оның ғылыми қолданыс аясын қалай кеңейтеміз деген мәселе маңызды. Бұл жұмыс ғалымның мақаласынан, университеттегі дәрістен, ғылыми басылымдар мен жас зерттеушілердің ізденісінен басталады.

Осы тұста Абайдың «Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба» деген өсиеті еске түседі. Ұлы ақын ғылымды адам мен қоғамның кемелдену жолы деп білді. Шәкәрімнің рухани мұрасы да адамды ақылға, адал еңбекке, терең ойға үндейді. Ұлы ойшылдарымыздың аманаты – білімге ұмтылу, ақиқатты іздеу және білгеніңді ел игілігіне жұмсау.

Бүгінде жасанды интеллект пен жаңа технологиялар ғылымның мүмкіндігін кеңейтіп отыр. Алайда қандай жаңалық ашылса да, ғылыми ізденістің негізінде нақты дерек, терең білім, жауапкершілік пен шындыққа адалдық жатуы керек. Технология зерттеушінің жұмысын жеңілдеткенімен, ғылыми тұжырымның салмағын анықтайтын – адамның білімі мен ойы.

Шәкәрім университеттің ең үлкен байлығы – ізденетін жастары, еңбектенетін ғалымдары және ұрпаққа қалатын ғылыми мұрасы. Бүгін жарық көрген әрбір монография мен құжаттар жинағы ертеңгі зерттеушіге жаңа ізденістің бастауы болуы мүмкін. Өткенін таныған ел болашағына сеніммен қарайды. Ал сол өткенді зерттеп, бүгінгі біліммен ұштастырып, ана тілімізде келер ұрпаққа жеткізу – ғалымдардың ортақ парызы. Ғылымға ұмтылған ұрпақ барда, білім мен ізденіс барда елдің ертеңіне деген сенім де берік болмақ.

 Бақыт Атантаева, тарих ғылымдарының докторы, Шәкәрім университетінің профессоры

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button