Абай ауданында Көкбай Жанатайұлының 165 жылдығы аталып өтіп жатыр

Биыл қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, Абайдың дарынды шәкірті әрі үзеңгілес досы Көкбай Жанатайұлының туғанына 165 жыл толып отыр.
Мерейтойға орай Абай ауданында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.
Облыс әкімі Берік Уәли Көкбай ауылындағы Көкбай Жанатайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып, ақын рухына тағзым етті. Ескерткіш 2021 жылы демеушілердің қаражаты есебінен бой көтерген. Шараға ауданның зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар, ақынның Омбыдан арнайы келген немересі Амангелді Көкбаев та қатысты.
Бұдан кейін аймақ басшысы Тақыр қыстағындағы Көкбай Жанатайұлының музейіне барып, мәдениет нысанының жұмысымен танысты.
1997 жылы ашылған музей қазіргі таңда Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің бөлімшесі ретінде жұмыс істейді.
Мұнда Көкбай Жанатайұлының өмірі мен шығармашылығына, ұстаздық қызметіне, Абаймен достығы мен шығармашылық байланысына қатысты құнды деректер жинақталған. Сондай-ақ, музей экспозициясында мешіт-медресенің тарихы, ақынның шәкірттері және өңірден шыққан белгілі тұлғалар туралы материалдар ұсынылған. Қазіргі таңда музей қорында 85 экспонат бар. Көкбай Жанатайұлының 1901 жылы салынған медресесі мен 1908 жылы тұрғызылған мешіті 1997 жылы қайта қалпына келтіріліп, музей экспозициясына енгізілген.
Айта кетейік, нысанда 2011 және 2021 жылдары жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал 2025 жылы демеушілердің қолдауымен музейге электр жарығы тартылып, «Қарауыл-Аягөз» тасжолының бойынан келушілерге арналған арнайы жол белгісі орнатылды.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ



