Абай облысыСемейТОП

Семейде абаттандыру жұмыстары қарқынды

Облыс орталығында қоғамдық кеңістіктерді жаңарту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Облыс әкімі Берік Уәли қаланы аралау барысында бірқатар нысанда жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарымен танысты.

Аймақ басшысы әуелі Шәкәрім университетінің алаңын қалпына келтіру жобасын көрді. «Адамдарға арналған қала» тұжырымдамасына сай жүзеге асырылып, мұнда жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасауға және аумақтың көркін арттыруға басымдық берілген. Жоба аясында университет алаңындағы қоғамдық кеңістікті абаттандыру және шағын сәулет нысандарын орнату көзделген.

Абаттандыру жұмыстары барысында 8 мың шаршы метр төсемтас төселіп, 2 050 метр жиектас орнатылады. Автотұрақтың 1 560 шаршы метр асфальт жабыны жаңартылады. Сонымен қатар балаларға арналған 8 шағын сәулет нысаны, воркаут алаңында 10 нысан орнату жоспарланған. Аумақта 50 орындық, 25 қоқыс жәшігі, 80 жарықтандыру бағаны және бір сахна қарастырылған. Құрылыс жұмыстары қазан айында аяқталуы тиіс.

Облыс әкімі абаттандыру кезінде аумақтың тек сыртқы келбетіне емес, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға да баса мән беру қажет екенін атап өтті.

Шәкәрім университетінің аумағын қоғамдық кеңісттікке айналдыруға барлық жағдай бар. Қоршауын алып, воркаут алаңдарын жасақтаса, адамдар келіп демалып, спорт құрылғылармен шұғылданып, серуендеп, балаларын қыдыртуға мүмкіндік алады. Бұл мақсатта әкімдік тарапынан қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Берік Уәли.

Бұдан кейін аймақ басшысы Әміре Қашаубаев атындағы облыстық филармония ғимараты алдындағы скверде жүргізіліп жатқан жұмыстардың аяқталу барысымен танысты.

Жоспарға сәйкес, аумақта 5,5 мың шаршы метр негіз ауыстырылып, дәл осындай көлемде тротуарлық плиталар төселді. Сондай-ақ 1 мың 800 метр жиектас пен бордюр орнатылған. Аумақты жарықтандыру жүйесі де жаңартылды. 50 жарықтандыру тірегі ауыстырылып, 1,6 шақырым күштік кабель тартылды. Бұдан бөлек, 468 метр қоршау орнатылып, домбыра пішініндегі шағын сәулет нысаны қойылды.

Тұрғындарға жайлы болуы үшін 26 орындық пен қоқыс жәшігі орнатылды. Сонымен қатар 800 шаршы метр аумаққа асфальт төселді. Алдағы уақытта көгалдарды автоматты суару жүйесі іске қосылады. Сондай-ақ негізгі жолға шығатын үш кіреберіс жол да қарастырылған.

Сондай-ақ шаһарды аралау барысында облыс әкімі облыстық филармония ғимаратының ішін аралап, шығармашылық ұжымның дайындығын тамашалады.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button