Ақтоғай кен орнында 1,5 миллион тонна мыс өндірді
KAZ Minerals компаниясының Ақтоғай кен орны тарихи өндірістік межеге жетті. Кәсіпорын іске қосылғаннан бері мұнда сульфидті кеннен 1,5 миллион тонна мыс өндірілді. Бұл – екі байыту фабрикасының он жылға жуық уақыттағы жұмысының, озық технологиялардың және жүздеген маманның ерен еңбегінің нәтижесі.
2017 жылғы 28 ақпанда Ақтоғай-1 фабрикасы мыс концентратының алғашқы партиясын жөнелткен болатын. Сол кезде он жылға жетпей уақыт ішінде өндірістік кешен осындай жоғары көрсеткішке жетеді деп көпшілік болжай қоймаған еді. 1,5 миллион тонна мыс – жай ғана есептегі көрсеткіш емес. Оның артында алып ұсатқыштардың жүздеген сағаттық жұмысы, миллиондаған тонна кенді өңдеу және технологиялық үдерісті біртіндеп жетілдірген инженерлердің тынымсыз еңбегі тұр.

Бүгінде Ақтоғай – жай ғана кәсіпорын емес, Қазақстанның тау-кен металлургия саласындағы нағыз технологиялық көшбасшы. Бұл мәртебе оның өндірістік көрсеткіштерімен қатар, әлемде баламасы жоқ бірегей жабдықтарымен де дәлелденіп отыр.
Өндірістік кешеннің алғашқы фабрикасы – Ақтоғай-1 жалпы нәтижеге дәл 1 миллион тонна мыс қосты. Осы жылдар ішінде кәсіпорын жаңа жабдықтарды игеріп, жобалық қуатына шығудан бастап, цифрлық мониторинг пен деректерді талдаудың дамыған жүйесі бар жоғары автоматтандырылған кәсіпорынға айналды.
– 1,5 миллион тонна мыс – компания үшін орасан зор нәтиже. Оның артында Ақтоғай ұжымының ауқымды еңбегі мен технологиялық үдерісті жаңғырту жұмыстары тұр. Алғашқы кезеңде жаңа жабдықтарды игеріп, қажетті көрсеткіштерге шығуға басымдық берсек, бүгінде фабрика жоғары сенімділікпен жұмыс істеп, автоматтандырудың дамыған жүйесіне ие болды, – дейді №1 байыту фабрикасының өндірістік қызметінің басшысы Дәурен Байжігітов.
Оның айтуынша, бұл жетістікке операторлар, технологтар, жөндеу мамандары, инженерлер мен жобалаушыларды қоса алғанда, жүздеген маманның еңбегі себеп болды. Кеніш басқармасымен тығыз байланыс та маңызды рөл атқарды. Кеннің тұрақты жеткізілуі бүкіл технологиялық үдерістің тиімділігін сақтауға мүмкіндік береді.
Ақтоғайдағы «әлемдік деңгейдегі технологиялар» деген сөз жай ғана теңеу емес. Бұл – ең заманауи инженерлік шешімдер негізінде жобаланып, орнатылған жабдықтардың нақты сипаттамасы.
Екінші фабрика – Ақтоғай-2 2021 жылы пайдалануға берілді. Бүгінде мұнда өндірілген мыс көлемі 500 мың тоннаға жетті. Алайда оның тарихындағы ең қызықты жайт – жаңа фабриканы іске қосуға ұжымның қалай дайындалғаны.

Жаңа фабрика қызметкерлерінің шамамен 40 пайызы алғашқы фабрикадан ауысты. Бұл жай ғана статистикалық көрсеткіш емес, өндірістік тізбектің маңызды учаскелерін алдын ала ескеріп, ықтимал тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік берген стратегиялық шешім болды. Жаңа кәсіпорынға тәжірибесіз мамандар емес, технология мен жабдықтарды іс жүзінде жақсы білетін білікті қызметкерлер келді.
– Біз үшін бұл нәтиже ең алдымен командалық жұмыстың күшін көрсетеді. Мұнда қауіпсіздік, қызметкерлердің жоғары біліктілігі, бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимыл және нәтижеге бағытталу маңызды рөл атқарды. Біз бұл жетістікті бірінші және екінші фабрикаларға бөліп қарамаймыз. Бұл – бүкіл Ақтоғайдың жетістігі, – дейді №2 байыту фабрикасының өндірістік қызметінің басшысы Алтынбек Ысқақов.
Бүгінде фабрикалардағы технологиялық үдерістердің едәуір бөлігі автоматтандырылған. Сараптамалық жүйелер ұнтақтау және флотация процестерін басқаруға, технологиялық параметрлерді бақылауға және адам факторын азайтуға көмектеседі. Сонымен қатар кәсіпорында жасанды интеллект технологияларына қатысты тәжірибелер де жүргізілуде.
Ақтоғайда қазірдің өзінде жасанды интеллектіні қолданатын шешімдер сынақтан өтіп жатыр. Жүйе өндірістік параметрлерді талдап, мамандарға жабдықтардың оңтайлы жұмыс режимдерін анықтауға көмектеседі. Алдағы уақытта мұндай технологияларды дамыту өндіріс көлемін арттыру мен технологиялық үдерістердің тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды құралдарының бірі ретінде қарастырылуда.
Дегенмен мамандар автоматтандырудың тиімділігі осы жүйелермен жұмыс істейтін қызметкерлердің біліктілігіне тікелей байланысты екенін атап өтеді. Технология адамды алмастырмайды, керісінше оның мүмкіндігін арттырады.
Ақтоғайдағы 1,5 миллион тонна мыс межесіне өндірістік кешеннің жалпы өнімділігі артқан кезеңде қол жеткізілді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұнда кен өңдеудің рекордтық көрсеткіші – 62,1 миллион тоннаға жетті. Бұл – кәсіпорын жұмысын бастағаннан бергі ең жоғары жылдық көрсеткіш.

Өндіріс көлемінің өсуі бір ғана технологиялық шешімнің нәтижесі емес. Бұл – бүкіл өндірістік кешеннің жүйелі түрде дамуының жемісі.
Осы факторлардың әрқайсысы өзіндік үлесін қосты. Ал олардың өзара үйлесуі өндіріс өнімділігін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берген синергияны қалыптастырды.
Ақтоғайда өндіріс көлемін одан әрі арттыру кезінде тек технологияға ғана емес, мамандарды дамытуға да басымдық беріліп отыр. Қызметкерлер жаңа технологиялар, жабдықтарды пайдалану, автоматтандыру және жөндеу жұмыстарын жоспарлау бағыттары бойынша оқытылуда.
– Жаңа технологиялардың болғаны жақсы. Бірақ әрбір жаңа технологияның артында кәсіби мамандар тұруы керек. Олар технологиямен қалай жұмыс істеу керектігін және оны дұрыс баптауды түсінуі тиіс, – деп атап өтті Алтынбек Ысқақов.
Озық технологиялар мен кәсіби мамандардың үйлесімі Ақтоғайдың жетістігінің негізгі тірегіне айналды. Кәсіпорынның болашағын да осы ұстаным айқындайды.
Ақтоғайда қол жеткізілген 1,5 миллион тонна мыс межесі соңғы нүкте емес, дамудың кезекті кезеңі ретінде қарастырылады. Алдағы жоспарларда фабрикалардың тиімділігін одан әрі арттыру, жабдықтардың сенімділігін күшейту, автоматтандыру мен цифрлық шешімдерді дамыту көзделген. Бұл ретте басты басымдық – қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып қала береді.



