Семейде сауда нысандарын жаңғырту қарқынды жүргізіліп жатыр

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте Семей қаласындағы сауда нысандарын жаңғырту жұмыстарының барысы қаралды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков баяндады.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмасын орындау мақсатында сауда базарларын жаңғырту бойынша жол картасы бекітілді. Осыған орай Семейде сауда нысандарын жаңғырту және олардың сыртқы келбетін ретке келтіру бағытындағы жұмыстар жоспарға сәйкес жалғасуда.
«СМОКК» базарында құрылыс-монтаж жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. «МЕРЕКЕ» базарында демонтаждау жұмыстары жүргізіліп, екінші және үшінші сауда қатарлары толық бұзылды. Қазір бетон құюға дайындық жүріп жатыр. «Ақшың» базарында ғимараттың қасбетін сырлау жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта нысанды одан әрі жаңғырту мәселесі пысықталуда.
Сонымен қатар, облыс әкімінің тапсырмасы аясында «ЖАНСАЯ» базары мен «НИВА» сауда үйінде де жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
«ЖАНСАЯ» базарында қасбетті жаңарту, фиброцементті плиталарды монтаждау, шатырды сырлау және аумақты абаттандыру жұмысы жүргізілуде. Барлық негізгі жұмыстарды қыркүйек айында аяқтау жоспарланған. «НИВА» сауда үйінде шатыр толық ауыстырылып, қасбеті сырланды. Ғимараттың техникалық бөлігіндегі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Қазір үш жаңа сауда павильоны орнатылуда. Одан кейін кіреберіс бөлігін гранитпен қаптау және аумақты абаттандыру жұмыстары қолға алынады. Сауда үйін қыркүйек айында қайта ашу жоспарланып отыр.
Аталған жұмыстардың нәтижесінде басқа да кәсіпкерлік нысандардың басшылығы ғимараттардың сыртқы келбетін жаңартуды қолға алды. Мәселен, «Ұлар» сауда үйінде қасбетті заманауи қаптау материалдарымен жаңарту жұмыстары басталды. Әуезов даңғылындағы «Жаңа-Базар» және «Жаңа Семей» сауда үйлерінің эскиздік жобалары келісіліп, құрылыс-монтаж жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Бұрынғы «Мереке» дүкенінің ғимараты да қайта жаңғыртылуда. Жұмыстар аяқталғаннан кейін нысанды қоғамдық тамақтану орны ретінде пайдалану жоспарланған.
Аймақ басшысы жауапты басқармалар мен қала әкімдігіне сауда базарларын жаңғырту бойынша Жол картасының уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді, «Жансая» және «Нива» сауда үйлеріндегі жұмыстарды аяқтауды, «СМОКК» базары маңындағы жол қозғалысын реттеу мүмкіндігін қарастыруды және заңсыз нысандарды ретке келтіру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.
Сауда нысандарын заманауи талаптарға сәйкестендіру – ең алдымен қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасауға, сауда қызметінің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ, қаланың сәулеттік келбетін жақсартуға бағытталған маңызды міндет. Жалпы, Семей қаласында сауда нысандарын жаңғырту және абаттандыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын көріп отырмыз. Тек қана Семей қаласында емес, аудан орталықтарындағы сауда нысандары да заман талабына сай болуы тиіс. Бұл ауданның көркіне, архитектуралық келбетіне әсер етеді, – деді Берік Уәли.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ



