Абай облысыДенсаулық сақтауТОП

Курчатов қалалық ауруханасындағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын

Курчатов қалалық ауруханасының соматикалық бөлімінің үшінші қабатында күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұл – соңғы бірнеше жыл бойы кезең-кезеңімен жүргізіліп келе жатқан ғимаратты жаңғырту жұмыстарының қорытынды кезеңі. Бұған дейін аурухананың бірінші, екінші және төртінші қабаттары толық жөндеуден өтті. Үшінші қабаттағы жұмыстар аяқталған соң 1980 жылы пайдалануға берілген төрт қабатты ғимарат толығымен жаңартылады.

Күрделі жөндеу жұмыстары биыл мамыр айында басталды. Оны күздің басында аяқтау жоспарланған. Жөндеу аясында инженерлік жүйелер мен ішкі бөлмелер кешенді түрде жаңартылып жатыр. Атап айтқанда, өрт дабылы жүйесін ауыстыру, бейнебақылау жүйесін жаңғырту, жаңа оттегі нүктелерін орнату, электрмен жабдықтау және жарықтандыру жүйелерін жөндеу, ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізу, еден мен төбе жабындарын ауыстыру қарастырылған. Бұл жұмыстардың барлығы пациенттер мен медицина қызметкерлеріне қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Қазір жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Пластикалық есіктерді орнату аяқталуға жақын, ішкі әрлеу жұмыстары соңғы кезеңге өтті.

Ғимаратты жаңартумен қатар аурухананың материалдық-техникалық базасын нығайтуға да көңіл бөлінуде. Биыл заманауи медициналық жабдықтар, соның ішінде ЛОР-комбайн, жалпы хирургияға арналған құралдар жиынтығымен жабдықталған 4К форматындағы бейнеэндоскопиялық тірек, рентгендік маммографиялық аппарат және цифрлық диагностикалық рентгенография жүйесін сатып алу жоспарланған.

Жаңа жабдықтар аурухананың диагностикалық мүмкіндіктерін кеңейтіп, медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button