Семей

Семейде әкімдік отырысында қаланың өзекті мәселелері қаралды

Қала әкімі Әділет Нұрсағатұлының төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары және коммуналдық кәсіпорындардың жетекшілері қатысты.

Күн тәртібінде 2026 жылдың І жартыжылдығындағы қаланың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, 2026–2027 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық барысы, сондай-ақ мектептерде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін тең жағдай жасау жұмыстарының орындалуы қаралды.

2026 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 236,8 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 127,5 пайызды құрап, 51 млрд теңгеге артты.

Сонымен қатар қазіргі уақытта 13 жылу көзінде – ЖЭО-1, РК-1, РК-2, РК-3, «Орталық», «103–103А», «Ғаббасов», «Зооветинститут», «Дорожник», «35 квартал», «5-интернат», «АБ кварталы» және «МЭН» қазандықтарында, сондай-ақ жалпы ұзындығы 38,3 шақырымды құрайтын жылу желілерінде жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қаладағы 9 балабақшада 22 түзету тобы жұмыс істейді. Бұл топтарда тірек-қимыл аппараты бұзылған, көру және сөйлеу қабілеті бұзылған, сондай-ақ психикалық дамуы тежелген 276 бала тәрбиеленуде. Бүгінде мектепке дейінгі тәрбие және оқыту ұйымдарында инклюзивті білім беру толық қамтамасыз етіліп, қамту деңгейі 100 пайызды құрап отыр.

Жиын қорытындысы бойынша қала әкімі Әділет Нұрсағатұлы жауапты бөлімдер мен мекеме басшыларына қаралған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, олардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Осы айдарда

Back to top button