СемейТОП

Семейдегі «Заря» жағажайын бүлдіргендер жауапқа тартылады

Жуырда ғана күрделі жөндеуден өтіп, халық игілігіне берілген Семей қаласындағы «Заря» жағажайының бүгінгі жағдайы алаңдаушылық туғызуда. Демалушы қала тұрғындары жағажай аумағындағы шлагбаум мен тынығуға арналған орындықтарды қасақана бүлдірген. Бұдан бөлек бірқатар орындықтар ұрланып, аумаққа тұрмыстық қоқыс шашылған.

Осы жағдайға байланысты аймақ басшысы Берік Уәли облыстық Полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияровқа аталған құқық бұзушылыққа қатысы бар тұлғаларды жедел анықтап, оларды заң аясында қатаң жауапкершілікке тартуды тапсырды. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті күшейтіп, мұндай келеңсіз оқиғалардың алдын алу үшін қажетті шараларды қабылдауды міндеттеді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз хатшысы Азамат Қасым әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Облыс әкімдігі тұрғындарды қоғамдық мүлікке ұқыпты қарауға шақырады. Мемлекет қаржысына салынып, халық игілігіне берілген мұндай нысандар – баршаға ортақ құндылық. Оларды таза ұстау, бүлдірмеу және келешек ұрпаққа сақтап жеткізу – әрбір азаматтың азаматтық жауапкершілігі.

Айта кетейік, Семей қаласында биыл тұрғындар мен қала қонақтарының жайлы демалуы үшін үш қоғамдық тегін жағажай жаңартылып, заман талабына сай абаттандырылған болатын.
Солардың бірі – «Заря» шағын ауданындағы жағажай.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button