Абай облысыТОП

Облыс әкімі Қалбатау ауылындағы маңызды инфрақұрылымдық жобалармен танысты

Аймақ басшысы Берік Уәли әуелі Жарма ауданының орталығы – Қалбатау ауылындағы №2 көтергіш сорғы станциясын жаңғырту жұмысының барысын көрді.

Қалбатау ауылындағы орталықтандырылған таза ауыз су жүйесі 2009 жылы пайдалануға берілген. Бүгінде су жүйесінің жалпы ұзындығы 48,2 шақырымды құрайды. Оның құрамына 180 су құдығы, 167 өрт сөндіру гидранты және 180 су тарату колонкасы кіреді.

Ауылдан 3 шақырым қашықтықта орналасқан №1 су көтергіш станциясында үш су ұңғымасы жұмыс істейді. Онда ЭЦВ-8-65-110 маркалы су сорғы қондырғылары тұрақты режимде қызмет көрсетуде. Ал №2 көтергіш станциясында әрқайсысының сыйымдылығы 1000 текше метр болатын екі су жинау резервуары мен көлемі 160 текше метрлік су мұнарасы орналасқан.

Қазіргі таңда орталықтандырылған ауыз сумен 1111 жеке тұрғын үй, 21 заңды тұлға және 11 жеке кәсіпкер қамтамасыз етілген. 2025–2027 жылдарға жоспарланған жоба аясында ауылдың ауыз су жүйесін толық қайта жаңғырту жұмысы жүргізілуде.

Облыс әкіміне осы жерде Жарма ауданының бірнеше елді мекеніне ауыз су желілерін тарту бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндалды.

Аймақ басшысы бұл жобалардың аудан тұрғындары үшін маңызы зор екенін атап өтті.

Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі Президент тапсырмасы бар. Соған сәйкес тиісті салалық министрліктермен жұмыс істейміз. Ауыз су жобалары өңір үшін өте өзекті. Сондықтан әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетін болады, – деді Берік Уәли.

Сондай-ақ, облыс әкімі Қалбатау ауылында салынып жатқан стадионның құрылыс алаңына барды.

Аталған жоба ауыл тұрғындары үшін заманауи спорт инфрақұрылымын қалыптастыруға, бұқаралық спортты дамытуға және барлық жастағы азаматтардың дене шынықтырумен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Стадионда заманауи талаптарға сай спорт алаңдары мен қажетті инфрақұрылым қарастырылатын болады.

Құрылыс жұмыстары 2025 жылы басталған. Нысанды пайдалануға беру 2026 жылдың соңына жоспарланып отыр.

Аймақ басшысы мердігерлерге құрылыс қарқынын бақылауда ұстап, белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар мұндай әлеуметтік нысандар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button