Абай облысыЗаң мен тәртіпТОП

Заң мен тәртіп – есірткіге қарсы күрестің басты қағидасы

Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Семей филиалында әскери қызметшілерге арналған есірткі қылмысының алдын алу тақырыбында ақпараттық-танымдық кездесу өтті. Іс-шараға Абай өңірлік гарнизонының әскери қызметшілері қатысты.

Жиынға Шығыс өңірлік әскери тергеу басқармасының тергеушісі, майор Жомарт Балтабаев, Абай өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасының алдын алу бөлімінің офицері, капитан Махамбет Жайлағанов және Абай облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция капитаны Думан Үкіжанов қатысып, әскери қызметшілерге өзекті мәселелер жөнінде жан-жақты ақпарат берді.

Кездесу барысында мамандар есірткі заттарының адам денсаулығына, қоғамға және мемлекет қауіпсіздігіне тигізетін зиянына тоқталып, есірткіге байланысты қылмыстар үшін қарастырылған заң талаптары мен қылмыстық жауапкершілікті кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар нақты мысалдар келтіріліп, соңғы жылдары жастардың әлеуметтік желілер арқылы «жеңіл ақша табу» мақсатында есірткі тасымалдау мен таратудың заңсыз схемаларына алданып қалып жатқаны айтылды. Мұндай әрекеттердің соңы ауыр жазаға әкелетіні ерекше атап өтілді.

Дәріс барысында әскери қызметшілер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, сала мамандарынан жан-жақты жауап алды. Бұл өз кезегінде құқықтық сауаттылықты арттырып, заң талаптарын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Жиын соңында қатысушыларға есірткінің зардабы мен оның салдарын баяндайтын деректі бейнефильм көрсетілді.

Абай өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасының алдын алу бөлімінің офицері, капитан Махамбет Жайлағановтың айтуынша, мұндай профилактикалық кездесулер алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады.

          – Бүгінгі жиынға әскери қызметшілер қатысып, қоғам дертіне айналған есірткі заттарының зияны, оны қолдану мен таратуға қатысты қылмыстық жауапкершілік туралы сала мамандарынан толыққанды мәлімет алды. Қазақстан Республикасы Президентінің «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылып жатқан осындай алдын алу шаралары алдағы уақытта да өз жалғасын табады, – деді капитан Махамбет Жайлағанов.

Мұндай кездесулер әскери қызметшілердің құқықтық мәдениетін арттырып қана қоймай, жастарды зиянды әдеттерден сақтандыруға, заң талаптарын қатаң сақтауға және қоғамда есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі болып саналады.

Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button