ҚазақстанПрезидентТОП

Ұлттық банктің негізгі пайыздық ставкасына қатысты мәселені пайымдап шешу керек — Президент

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан экономикасын жаңа үлгіге көшіруге қатысты пікір айтты. 

— Бұл — аса маңызды стратегиялық міндет. Оған жедел түрде қол жеткізу үшін жаңа көзқарас, жаңа ұстаным қажет. Бұрынғы жұмыс тәсілдері мен әдістері тиімді болмайтыны анық. Бұған дейін де айттым: жаһандағы жағдай, жалпы халықаралық ахуал жыл өткен сайын ушығып барады. Түрлі қақтығыстар мен сын-қатерлер аз емес. Бірақ біз соған қарамастан, салиқалы саясат жүргізіп, нық сеніммен алға қадам басып келеміз. Біз бұл саясатты берік ұстануымыз қажет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Президент былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өскенін еске салды. Мұны әлем елдерінің даму қарқынымен салыстырғанда жоғары көрсеткіш деуге болады.

— Жалпы ішкі өнім ел тарихында алғаш рет 300 миллиард доллардан асты. Оның жан басына шаққандағы үлесі 15 мың доллардан асып, 2019 жылдан бері бір жарым есе артты. Бұл — Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасындағы ең жоғары нәтиженің бірі. Инфляция бағамы төмендеді: биылғы бес айдың қорытындысы бойынша оның деңгейі 10,4 пайызға дейін түсті. Бірақ бұл көрсеткішті әлі де төмендету керек. Қазақстанның қаржы жүйесі тұрақты. Ұлттық валютамыз да өз тұғырында нық тұр, сыртқы қауіп-қатерлерден сенімді түрде қорғалған деп айтсақ, қате болмайды. Жалпы, Парламент Үкіметпен және Ұлттық банкпен бірлесіп, тиімді жұмыс атқарды. Қазіргі таңдағы ең өзекті мәселе — Ұлттық банктің негізгі пайыздық ставкасы. Бұл мәселені пайымдап шешу керек. Өздеріңіз қабылдаған Бюджет және Салық кодекстеріне сәйкес еліміздің экономикалық жүйесі толығымен қайта жаңғырды және мемлекет қаржысын басқаруға қатысты ұстаным түбегейлі өзгерді. Осылайша, Қазақстан экономикасының жаңа келбетіне жол ашуға қажетті негіз қалыптасты, — деді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін хабарланғандай, бүгін елордада Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың алдында қандай міндет тұрғанын атады.

https://kaz.inform.kz/news/ulttik-banktn-negzg-payizdik-stavkasina-katisti-maselen-payimdap-sheshu-kerek-pr-93b6f3a0

Осы айдарда

Back to top button