Семейде құқықтық сауаттылықты арттыруға арналған профилактикалық шаралар жүргізілуде

18 мамыр мен 8 маусым аралығында Семей қаласында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» республикалық акциясы өтіп жатыр.
Іс-шараның басты мақсаты – отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне қоғамның назарын аудару.
Акция аясында полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп профилактикалық іс-шаралар өткізуде. Сонымен қатар аулаларды аралау, тұрмыстық құқық бұзушылық жасауға бейім азаматтармен жеке профилактикалық әңгімелер жүргізу және халық арасында түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру жалғасуда.
Акция барысында қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсетуге, әйелдер мен балаларды құқыққа қайшы әрекеттерден қорғауға ерекше көңіл бөлінуде. Сондай-ақ қоғамда зорлық-зомбылықтың кез келген түріне төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.
Аталған акция отбасындағы қауіпсіздік пен өзара сыйластықты нығайтуға, тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыруға және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған.



