Өмірге мүмкіндік: Семей қаласында ауыр пневмониямен ауырған науқас ЭКМО технологиясының көмегімен құтқарылды

«Семей медицина университеті» КЕАҚ Университеттік госпиталь дәрігерлері 52 жастағы науқасты ауыр екіжақты пневмония және жедел тыныс жеткіліксіздігі диагнозымен құтқарып қалды.
Өмірін сақтап қалу үшін медицина мамандары экстракорпоралды мембраналық оксигенация (ЭКМО) әдісін қолданды — бұл клиникалық тұрғыда аса күрделі жағдайларда пайдаланылатын жоғары технологиялық емдеу тәсілі.
«Семей медицина университеті» КЕАҚ Университеттік госпиталіне науқас аса ауыр жағдайда түсті. Жүректің ишемиялық ауруы аясында науқаста тотальды екіжақты пневмония дамып, ол декомпенсацияланған тыныс жеткіліксіздігімен асқынған.
Госпитализацияның алғашқы сағаттарынан бастап кардиологиялық реанимация мамандары тыныс алуды қолдаудың заманауи барлық әдістерін қолданды — инвазивті емес тәсілдерден бастап өкпенің толық жасанды желдетілуіне дейін. Алайда өкпе тінінің кең көлемде зақымдануы ағзаны қажетті мөлшердегі оттегімен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермеді.
Аса ауыр жағдайда кезекші кардиореанимация бригадасы рентгенэндоваскулярлық зертхана мамандарымен бірлесе отырып, экстракорпоралды мембраналық оксигенацияны (ЭКМО) қолдану туралы шешім қабылдады.
ЭКМО — өкпенің қызметін уақытша алмастыратын жоғары технологиялық әдіс. Арнайы жүйе қанды ағза сыртында оттегімен қанықтырып, оны қайтадан науқасқа енгізеді, бұл өкпенің қалпына келуіне мүмкіндік береді. Мұндай технология дәстүрлі емдеу тәсілдері қажетті газ алмасу деңгейін және ағзаның өмірлік маңызды функцияларын қамтамасыз ете алмайтын жағдайларда қолданылады.
Бұл процедура тәулік бойы үздіксіз бақылауды, медициналық персоналдың жоғары біліктілігін және мультидисциплинарлық команданың үйлесімді жұмысын талап етеді.
Науқас ЭКМО аппаратында тоғыз тәулік бойы болды. Осы уақыт ішінде дәрігерлер оның жағдайын тұрақтандырып, аурудың қоздырғышын анықтап, қажетті емдік шараларды жүргізді.
Госпитализациядан 19 күн өткен соң әйел қанағаттанарлық жағдайда әрі қарай амбулаториялық ем және оңалту терапиясын жалғастыру үшін үйіне шығарылды.
Бұл 2026 жылы «Семей медицина университеті» КЕАҚ Университеттік госпиталінде ЭКМО әдісін қолданудың екінші жағдайы болып табылады.
Айрықша атап өту қажет, пациентке жоғары технологиялық медициналық көмек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі шеңберінде тегін көрсетілді.
Медициналық ұйымның мәліметінше, ЭКМО әдісін қолдана отырып емдеудің бір жағдайының құны 6 миллион теңгеден асады. МӘМС жүйесінің арқасында пациенттер мұндай көмекті қосымша қаржылық шығынсыз алуға мүмкіндік алады.
ЭКМО — интенсивті терапияның ең күрделі әрі ресурсты көп қажет ететін технологияларының қатарына жатады. Қазақстанда мұндай әдістер тек арнайы жабдықталған және даярланған мамандары бар ірі медициналық орталықтарда ғана қолданылады. Оларды пайдалану стандартты емдеу тәсілдері жеткіліксіз тиімді болған жағдайда ауыр тыныс және жүрек-қантамыр жеткіліксіздігі бар науқастардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Семей қаласындағы науқастың бұл оқиғасы заманауи медициналық технологиялардың, дәрігерлердің жоғары кәсібилігінің және мультидисциплинарлық команданың үйлесімді жұмысының ең күрделі клиникалық жағдайларда да адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретінін тағы бір мәрте дәлелдеді.



