МерекеСемей

Семейде Балаларды қорғау күніне арналған мерекелік фестиваль өтті

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Семей қаласында «Бақытты бала – жарқын болашақ» атты балалар өнер фестивалі ұйымдастырылды.

Мерекелік іс-шара барысында балалар өз өнерлерін ортаға салып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар қызықты спорттық және зияткерлік ойындар өткізіліп, көңілді аниматорлар балалармен түрлі ойын-сауық бағдарламаларын ұйымдастырды. Балалар шығармашылығы көрмесі, фото-аймақтар мен шеберлік сағаттары мерекенің сәнін келтірді.

Іс-шараға Семей қаласының әкімі Әділет Нұрсағатұлы қатысып, бүлдіршіндер мен ата-аналарды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

Халқымызда «Бала – бауыр етің» деген дана сөз бар. Өйткені бала – әр отбасының қуанышы, елдің ертеңі, болашаққа деген сенімі мен үміті. Бала күлкісі – бейбіт өмірдің, шаттық пен бақыттың белгісі. Сондықтан өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін жағдай жасау – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Бүгінде жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру бағытында қаламызда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қаламызда заманауи «Келешек мектептері», дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылып, Оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Бұл – балалардың жан-жақты дамуына, олардың қабілетін шыңдап, биік белестерді бағындыруына жасалған үлкен мүмкіндік, – деді Әділет Нұрсағатұлы.

Фестиваль аясында балалар ән айтып, би билеп, шығармашылық қабілеттерін паш етті. Мерекелік кеш қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, бүлдіршіндер үшін ұмытылмас әсерге толы жарқын күн болды.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button