Қазақстанда денсаулық сақтау саласын дамыту жұмыстары жалғасуда

Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін дамыту және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Спикердің сөзінше, 2025 жылы республика бойынша күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа жетіп, тарихи рекорд орнатты. Абай облысында бұл көрсеткіш 74,87 жасты құрады.
Бастапқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында емханаларда онлайн жазылу жүйесі енгізіліп, қабылдауды күту мерзімі екі аптадан 2–3 күнге дейін қысқарды. Сонымен қатар, 2025 жылдан бастап скринингтік бағдарламалар кеңейтіліп, жаңа тексеру түрлері енгізілді.
– Салада цифрлық жүйелерді дамытуға ерекше назар аударылуда. Қазіргі таңда ALIMA жасанды интеллект жүйесі арқылы алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 9 мың дәрігер жұмыс істеуде, – деді вице-министр.
Сондай-ақ, облыстық ауруханалар мен перинаталдық орталықтарды жаңғырту, дәрілік заттардың бағасын төмендету және тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр.
2025 жылы Абай облысына резидентураның 26 мамандығы бойынша 50 грант бөлінді. Ауылдық жерлердегі дәрігер тапшылығын азайту үшін әлеуметтік қолдау шаралары қолға алынған. Нәтижесінде өңірдегі 45 дәрігер қолдау алып, 11 медицина қызметкері баспанамен қамтамасыз етілді.
Қазіргі таңда халықтың шамамен 90%-ы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылған. Сонымен қатар, республика бойынша алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 65 нысанның құрылысы аяқталды.



