Абай облысыТОП

Абай ауданында Шәкәрім университеті Ғылыми кеңесінің көшпелі отырысы өтті

Облыс әкімі Берік Уәли 18 мамыр күні жас ғалымдармен өткен кездесуде ғылымды дамытуға бағытталған «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» кешенді жоспарын әзірлеу жөнінде тапсырма берген болатын. Соған сәйкес Абай ауданының Қарауыл ауылында Шәкәрім университеті Ғылыми кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Өңірлік ғылым мен өндіріс байланысын нығайтуды мақсат еткен маңызды жиынға Ғылыми кеңес мүшелері, Абай ауданының шаруа қожалықтарының басшылары қатысты.

Көшпелі отырыс аясында Шәкәрім университетінің ғылым мен жаңашылдықты ұштастырған озық жобалары мен жетістіктерін таныстыратын арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрме Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұловтың құттықтау сөзімен салтанатты түрде ашылды.

Жиын барысында Абай ауданы мен Шәкәрім университеті арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтатын маңызды құжат – Меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков Абай ауданының әкіміне және бірқатар шаруа қожалықтарының өкілдеріне марапаттар табыстады. Сонымен қатар, Абай ауданы бойынша 15 «Алтын белгі» үміткеріне «Шәкәрім білім грантының» сертификаттары ұсынылып, болашақ білім алушыларға қолдау көрсетілді. 2024 жылы облыс бойынша 224 «Алтын белгі» үміткеріне сертификат ұсынылса, 2025 жылы – 363, ал биыл 434 түлекке табысталып отыр.
Шәкәрім университеті өңірдегі іргелі ғылыми-инновациялық орталық ретінде ғылым мен өндіріс арасындағы алтын көпірді бекемдей отырып, экономиканың нақты секторымен өзара ықпалдастықты тереңдету бағытындағы жүйелі жұмыстарын табысты жалғастырып келеді.

Кеңес отырысында университеттің ғылым жөніндегі проректоры Жанар Қалибекқызы мен интернационалдандыру және инновациялар жөніндегі проректоры Ерасыл Дулатбай «Өңірлік ғылым: технологиялар, зерттеулер, даму» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ, «Қасқабұлақ» ЖШС директоры Асқар Мұқатаев Австралияға іссапары барысында жинақтаған тәжірибесімен бөлісті. Жиында ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер де қарастырылды. Өңірдің ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған бұл мазмұнды басқосу ғылым, білім және өндіріс салаларының өзара ықпалдастығын жаңа деңгейге көтеріп, аймақ дамуына тың серпін береді.

Айта кету керек, сапар барысында университет ғалымдары мен мамандары Абай ауданының жайылымдық алқаптарынан топырақ сынамаларын алып, геодезиялық бақылау нүктелерін белгіледі. Бұл жұмыстар ауыл шаруашылығы жерлерінің сапалық көрсеткіштерін ғылыми тұрғыдан бағалауға және олардың цифрлық картасын әзірлеуге негіз қалайды.

Алдағы уақытта жиналған деректерді пайдалану арқылы өңірдегі ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыруға, жер ресурстарын тиімді басқаруға және заманауи агротехнологияларды енгізуге мүмкіндік туады.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button