Көкпекті ауданындағы туристік жобалар таныстырылды

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Көкпекті ауданы аумағындағы «Омбы – Майқапшағай» республикалық маңызы бар автожолының бойында жүзеге асырылатын жол бойы сервистік нысандары жобаларымен танысты.
Аймақ басшысы әуелі кемпинг пен жанармай құю станциясының жобасын көрді. Жалпы аумағы 2 гектар болатын нысан заманауи және ұлттық нақышта безендіріліп, ұзақ жол жүретін жүргізушілер мен саяхатшыларға арналған заманауи қызмет көрсету орталығы болмақ. Мұнда 20 орындық қонақ үй, балалар ойнайтын алаң, дәмхана, ана мен бала бөлмесі болады. Инвестициялық жоба құны – 900 млн теңге. Нысан жыл соңына дейін қолданысқа беріледі.
Осы күре жолдың бойында іске асыру жоспарланып отырған тағы бір жоба – «Ұлы дала тұрағы» нысаны. Кемпинг аумағы 2069 шаршы метрді құрайды. Жоба аясында қонақ үй, маркет, қоғамдық тамақтану орны, жанармай құю станциясы, электр қуаттау станциясы және газ құю станциясын салу көзделген. Инвестициялық жоба құны – 2 миллиард теңгеге жуық. Құрылыс жұмыстары биыл басталып, келер жылы аяқталады.
Облыс әкімі жол бойындағы сервисті дамыту өңірдің туристік және экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Екі нысан да республикалық маңызы бар халықаралық көлік дәлізінің бойында, тоғыз жолдың торабында орналасқан. Жолаушыларға өте қажет. Осындай жобалар жол бойындағы сервистің сапасын арттырып қана қоймай, аудан экономикасын көтеруге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға және өңірдің туристік тартымдылығын күшейтуге мүмкіндік береді. Өңірге инвестиция құямын дейтін азаматтарға жергілікті, облыстық әкімдік тарапынан барлық қолдауды көрсетеміз. Сәттілік тілейміз, – деді Берік Уәли.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ


