ҚазақстанПрезидентТОП

Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында Ресей Президентін қарсы алды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізге мемлекеттік сапармен келген Ресей Президенті Владимир Путинді Тәуелсіздік сарайында ресми қарсы алу рәсімі өтті.

Елордадағы Тәуелсіздік сарайына келген мәртебелі мейманды Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды.
Осыдан кейін әуеде жойғыш ұшақтар Ресейдің мемлекеттік туын бояумен бейнеледі. Сарайға кірген Президенттер бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.

Бұдан кейін көрші ел президентінің мемлекеттік сапарына орай сап түзеген құрмет қарауылының бастығы Мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді. Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік Әнұранын орындады.

Әнұрандарды тыңдап болғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді. Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді.

Атап айтқанда, бұған дейін 27-29 мамыр күндері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин мемлекеттік сапармен келетінін жазған едік.

Мемлекеттер басшылары келіссөздер барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің және одақтастық қатынастардың қазіргі жай-күйін, сондай-ақ оны нығайту перспективасын талқылайды.

Кеше Астана әуежайында Владимир Путинді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды.

 

 

Осы айдарда

Back to top button