Курчатовта Жастар ресурстық орталығының жаңа ғимараты ашылды

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Курчатов қаласындағы Жастар ресурстық орталығы ғимаратының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Іс-шараға жергілікті тұрғындар мен өзге өңірлерден келген жастар жиналды.
1949 жылы салынған ғимарат өткен жылы қайта жаңғыртудан өтіп, биыл пайдалануға берілді. Жобаның құны – 475 млн теңге. Жалпы аумағы 1123,4 шаршы метр.
Заманауи үлгіде жабдықталған орталық жастар ресурстық және тілдерді дамыту орталығының жұмысына берілді. Мұнда әмбебап коворкинг, психологиялық жеңілдету ойын бөлмесі, VR/AR/AI цифрлық зертханасы, Open Space, lounge-аймақ, медиастудия, тіл орталығы, арт-лаундж және консультациялық алаңдар қарастырылған.
Салтанатты рәсімде аймақ басшысы жастар саясатын қолдау өңір дамуының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биыл ғалымдарды марапаттау рәсімінде: «Қасиетті Отанымыз – Қазақстанды білім-ғылымның, ойлы ортаның және саналы жастардың күшімен түбегейлі жаңғыртамыз. Келер ұрпаққа Өркениетті, Қуатты әрі Әділетті мемлекетті аманат етіп қалдырамыз. Бұл – біздің ұлттық парызымыз» деп жастарға ерекше ықылас танытты және үміт артты. Өздеріңіз білесіздер, 15 наурыздағы референдумда қабылданған Халық Конституциясында білім, ғылым және инновация басты құндылықтардың бірі ретінде белгіленді. Семей қаласында 3 жоғарғы оқу орыны бар. Шәкәрім Университеті, Медициналық Университет және Әлихан Бөкейханов атындағы Инновациялық-Гуманитарлық Заң университеті. Сонымен қатар облыста 32 колледж жұмыс істейді. Мұның барлығы жастардың бүгінгі заманға сай ортаға бейімделіп жатқанының көрінісі. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде NEET санатындағы жастардың саны облыста төмендеп келеді. Бұл бойынша көрсеткіш 2023 жылы 4,4 пайыз болса, биыл бұл сан 1,86 пайызға дейін қысқарып отыр. Сонымен қатар, өңірімізде жастарды маусымдық еңбекпен қамтып, экологиялық мәдениетті қалыптастыратын «Жасыл ел» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда. Осы саланы қаржыландыру, әлеуметтік қолдау жыл сайын артып келеді. Жастар – кез келген мемлекеттің қозғаушы күші, елдің ертеңі. Сондықтан өскелең ұрпақтың қоғам өміріне белсенді араласуына, жұмыспен қамтылуына, оқуына жағдай жасау – мемлекеттік саясаттағы іргелі басымдықтың бірі. Алдағы уақытта қалыптасатын Ғылым қалашығына жаңа бастау, тың серпіліс беріп, идеялар фабрикасына, жаңа жетістіктердің мекеніне айналсын! Баршаңызға сәттілік, толағай табыс тілеймін! – деді Берік Уәли.
Шара барысында облыс әкімі жастар ресурстық орталығы ішінен ашылған подкаст студияның алғашқы қонағы болып, жергілікті жастардың сауалдарына жауап берді.
Бүгінде Абай облысында 150 мыңға жуық жас тұрады. Бұл – өңір халқының төрттен бірі. Өңірде 110 мыңнан астам жас тұрақты жұмыспен қамтылған, ал 38 мыңнан астам студент жоғары оқу орындары мен колледждерде білім алып жатыр.
Соңғы жылдары жастарды әлеуметтік қолдау көлемі де артып келеді. Биыл «Абай жастары» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы аясында Семей қаласында 30 жас баспанамен қамтылды. Сонымен қатар өңірде «Жасыл ел» бағдарламасы жүзеге асырылып, жастарды маусымдық жұмыспен қамту және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Іс-шара аясында жастармен жұмыс істейтін мамандарға арналған «Мемлекеттік жастар саясаты мектебі» республикалық семинар-тренингі ұйымдастырылды. Оған еліміздің 12 облысынан 30-дан астам маман қатысты.



