Ата заңымызда алғаш рет ғылым және инновация құндылықтары нақты бағдар ретінде белгіленді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсімінде Ата заңымыздың преамбуласында алғаш рет мәдениет, білім беру, ғылым және инновация құндылықтары нақты бағдар ретінде белгіленгенін айтты. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

— Өздеріңізге мәлім, Қазақстанда 15 наурыз күні тарихи мәні зор референдум өтті. Азаматтардың басым бөлігінің қолдауымен мемлекетіміздің іргесін нығайтатын, елді барлық салада, соның ішінде ғылымда орнықты даму траекториясына шығаратын жаңа Конституция қабылданды. Ата заңымыздың преамбуласында алғаш рет мәдениет, білім беру, ғылым және инновация құндылықтары нақты бағдар ретінде белгіленді. Яғни аталған салаларды жан-жақты қолдауға стратегиялық маңыз берілді. Ең бастысы, бұл бағыттарды дамыту мемлекеттің конституциялық міндетіне айналды. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Конституцияны әзірлеуге және қабылдауға айтарлықтай үлес қосқан барша ғылыми-академиялық қауымдастыққа ризашылығымды білдіремін. Өтпелі ережелерге сай, жаңа Ата заң 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Сол уақытқа дейін негізгі заңдардың барлығы Конституция нормаларына сәйкестендірілуге тиіс. Бұл бағытта Парламент ауқымды заң шығару жұмысына кірісті. Депутаттар заң жобаларын мұқият әрі жедел қарастырады деп сенемін, — деді Мемлекет басшысы.
Еске сала кетейік, осы жиында Президент «озық мемлекеттің қазығы — ғылым, ал қазынасы — ғалым» екенін айтты.
Тоқаев ғылымға көрсетіліп жатқан жүйелі қолдау шараларына тоқталды.


