Абай облысыТОП

Облыс әкімі референдумда дауыс берді

Абай облысында жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумға дауыс беру жалғасып жатыр.

Облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы Медициналық университет ғимаратында орналасқан №93 референдум учаскесіне барып, өз таңдауын жасады. Аймақ басшысы бұл күннің ел үшін маңызы ерекше екенін атап өтіп, Абай елінің жұртшылығы азаматтық белсенділік танытатынына сенім білдірді.

Облыс аумағында барлығы 465 референдум учаскесі жұмыс істеп жатыр. Оның – 429-ы ашық, 36-сы – жабық учаске. Облыс бойынша 400 151 сайлаушы дауыс беруге құқылы. Ашық учаскелердің барлығында тұрғындар үшін мәдени іс-шаралар, жәрмеңкелер мен түрлі акциялар ұйымдастырылған.

Референдум учаскелерінде дауыс берушілерге қолайлы жағдай жасалған. Учаскелер қажетті инфрақұрылыммен жабдықталып, дауыс беру процесі белгіленген тәртіппен өтуде. Учаскелерде пандустар орнатылып, арнайы көрсеткіштер мен ыңғайлы дауыс беру кабиналары қарастырылған. Қажет болған жағдайда учаскелік комиссия мүшелері азаматтарға ақпараттық көмек көрсетеді. Денсаулығына байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтар үшін тасымалды жәшік арқылы үйде дауыс беру мүмкіндігі ұйымдастырылған. Өңірде 2164 мүмкіндігі шектеулі азаматтың деректері нақтыланып, олардың қай учаскеге тіркелгені тексерілген.

Референдумды өткізуге өңірде бір облыстық, екі қалалық, 10 аудандық және 465 учаскелік комиссия қатысуда. Комиссиялардың құрамында 3254 адам жұмыс істейді. Дайындық кезеңінде олардың барлығы арнайы оқытудан өтті.

Облыста бүгін 28 инватакси жұмыс істейді. Оның ішінде Семей қаласында 21 арнайы көлік қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек 6 сурдоаудармашы және әлеуметтік қызметкерлер тартылған.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button