Абай облысы

Қалбатауда референдум учаскесінде «Әжелер» хоры өнер көрсетті

Қалбатау ауылы, Достық көшесі, 92 мекенжайында орналасқан №367 референдум учаскесіне келген ауыл тұрғындары референдумның маңыздылығы мен жауапкершілігін сезініп, жасы да, жасамысы да белсенді түрде дауыс беріп жатыр.

Мәдениет үйінде орналасқан референдум учаскесінде мерекелік көңіл-күй қалыптастыру мақсатында аудандық «Әжелер» хоры өнер көрсетті. Өнерімен елдің ықыласына бөленіп жүрген ардагер өнерпаздар саяси науқан күні референдумға қатысушыларға әннен шашу шашып, игі тілектерін жеткізді.

«Әжелер» хорының әншісі Ақбөпе Төраханова:

– Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Еліміздің ертеңі үшін дауыс беріп, өз таңдауымызды жасадық, – деді.

Учаскеге келген тұрғындар әжелердің өнеріне ризашылық білдіріп, көтеріңкі көңіл-күйде өз таңдауларын жасап жатыр.

Осы айдарда

Back to top button