Семейдегі Республика алаңында Мемлекеттік Ту орнатылды

Абай облысында «Семейдің мәдени маусымдары» жобасы басталды. Жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі аясында 14 наурыз күні Семей қаласының Қарағайлы ықшам ауданындағы Республика алаңында «Семей көктемі» фестивалі өтті.
Айта кетейік, бұл алаң өткен жылы Республика күні мерекесіне орай ашылған болатын. Сол кезде өңір басшысы Берік Уәли алдағы уақытта осы жерде Мемлекеттік Ту орнатылатынын айтқан еді.
Бүгін бұл уәде жүзеге асып, алаңның орталық бөлігіне Мемлекеттік Ту орнатылды. Енді көк байрақ осы жерде тұрақты түрде желбіреп тұрады.
«Былтыр Республика күні қарсаңында ашылған бұл алаң Республика алаңы деп аталды. Бүгін оның орталық бөлігіне Мемлекеттік Ту көтерілді және ол енді үнемі осы жерде желбіреп тұратын болады», – деді аймақ басшысы.
Қарағайлы ықшам ауданындағы Республика алаңы бүгінде қала тұрғындары үшін мәдени іс-шаралар, фестивальдер мен қоғамдық жиындар өтетін жаңа тартымды орындардың біріне айналып келеді.



