Көктемгі су тасқынына дайындық мәселелері қаралды

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен көктемгі су тасқынына дайындық шаралары бойынша арнайы жиын өтті. Жиынға тиісті басқарма басшылары мен департамент жетекшілері, «Қазгидромет», «ҚазАвтоЖол», «Қазсушар», «ҚТЖ» және басқа да жауапты мекемелердің өкілдері қатысты. Аудан және қала әкімдері бейнережимде қосылды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша «Қазгидромет» РМК Абай облысы бойынша филиалының директоры Ляззат Болатқан, Төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Нұрсұлтан Алдоңғаров, Ертіс бассейіндік инспекциясының басшысы Медет Жәдігерұлы баяндады. Аудан әкімдері су тасқынының алдын алу бағытында атқарылып жатқан дайындық шаралары туралы ақпарат берді.
«Қазгидромет» филиалының мәліметінше, облыстағы өзен-көлдерде жағдай тұрақты. Барлық бақылау бекеттерінде су деңгейі қауіпті межеден төмен. Шүлбі су қоймасына келетін су көлемі де қалыпты деңгейде болжанып отыр. Сонымен қатар мамандар ауа райы мен өзендердегі жағдайды тұрақты бақылап, қауіпті құбылыстар туралы ескертулерді тиісті органдарға уақтылы жолдап отыр.
Төтенше жағдайлар департаменті өкілінің айтуынша, су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында облыстың азаматтық қорғау жүйесінің күштері мен құралдары жоғары дайындыққа келтірілген. Қазіргі таңда 1436 адамнан және 543 техникадан тұратын арнайы топ құрылды. Сонымен қатар 30 жүзу құралы мен 171 су айдау құрылғысы дайын тұр. Қажет болған жағдайда Қорғаныс министрлігінің күштері мен тікұшақтары тартылуы мүмкін. Жауын-шашын мен қардың еруінен Семей қаласының кейбір көшелерінде су жиналып, құтқарушылар 9 мың текше метрден астам суды сорып шығарды.
Аймақ басшысы жиында қала-аудан әкімдеріне су тасқынының алдын алу үшін қарды уақтылы шығарып, барлық су арналарын тазартуды, еріген қар суының кедергісіз ағуын қамтамасыз етуді, қорғаныс бөгеттерін тексеріп, нығайтуды, қауіпті учаскелерде күштер мен құралдарды жоғары дайындыққа келтіруді тапсырды.
«Күн тәртібіне шығарылған барлық мәселелердің негізгі мақсаты – өңірдегі көктемгі су тасқыны қаупінің алдын алу, төтенше жағдайлардың туындауына жол бермеу және көктемгі кезеңде халықтың қауіпсіздігін сақтауға бағытталған. Су қоймаларындағы су деңгейін тұрақты бақылауға алып, қажет болған жағдайда артық суды кезең-кезеңімен қауіпсіз жіберу шараларын қабылдауды жалғастыру керек. Арнайы техника мен материалдық-техникалық қорды жеткілікті көлемде дайындап, қауіпті аумақтарда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруды жалғастыруды тапсырамын», – деді Берік Уәли.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ



