Жаңа Конституция төңірегіндегі ашық диалог

Семей қаласындағы №4 мектепте №13 бастауыш партия ұйымы мүшелерінің қатысуымен жаңа Конституция жобасын қолдауға арналған мазмұнды кездесу өтті. «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы өкілдері педагогтармен жүздесіп, білім мен ел болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, еркін пікір алмасуға, тың ұсыныстар айтуға және ортақ көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік берді. Қатысушылар жаңа Конституция жобасының стратегиялық мәніне тоқталып, онда білім, ғылым және инновацияны мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде айқындау – ел дамуы үшін маңызды тарихи қадам екенін атап өтті.
Коалиция мүшесі Айболат Бекжасаров жаңа Конституцияның қоғам өміріндегі рөліне ерекше назар аударды: «Бұл құжат билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейтіп, азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтеді. Реформалардың негізінде жауапты отаншылдық пен жаңарған саяси модель жатыр. Конституциялық комиссия отырыстарында жоба жан-жақты сараланып, заман талаптарына сай пысықталды», – деді ол.
Абай облыстық мәслихатының депутаты Съезбек Ахметов ұстаздардың қоғамдағы айрықша орнына тоқталып, олардың тек білім беріп қана қоймай, жас ұрпақтың азаматтық санасын қалыптастыратын маңызды тұлға екенін атап өтті.
Жиын барысында педагогтар білім сапасын көтеру, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету, инновациялық бастамаларды енгізу және жастардың белсенділігін арттыру бағытындағы ой-пікірлерін білдірді.
Ұстаздар қауымы жаңа Конституция жобасы білім беру жүйесін одан әрі нығайтып, жастардың жауапкершілігін арттыруға және қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға оң ықпал етеді деген сенімдерін жеткізді.
Кездесу қорытындысында қатысушылар Конституциялық реформалар ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды стратегиялық қадам екенін атап өтті. Педагогтардың белсенді ұстанымы – ортақ болашаққа деген сенім мен жауапкершіліктің айқын дәлелі.



