Абай облысында алимент өндіру жұмыстары күшейтілді

Абай облысында алимент өндіру мәселесі бойынша жедел-профилактикалық іс-шаралар (ОПМ) өткізіліп жатыр. Тексеру нәтижесінде алимент бойынша берешегі бар борышкерлер анықталып, олардың көпшілігінде бірнеше мың теңгеден бастап қомақты қарыз жинақталғаны белгілі болды. Қазіргі таңда борышкерлерге қатысты заң аясында айыппұл салынып, мәжбүрлеу шаралары қолданылады.
Бұл туралы Абай облысы Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының басшысы Мағжан Есенбаев кеңінен түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, алимент өндіру бойынша сот бұйрығы немесе атқарушылық құжат борышкердің тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша жеке сот орындаушысына тапсырылады. Осыдан кейін заңнамаға сәйкес өндіріп алу рәсімі басталады.
Егер борышкер ресми түрде жұмыс істемесе, алимент бойынша берешек Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақы мөлшеріне сүйене отырып есептеледі. Бұл норма алимент төлеуден жалтарудың алдын алуға бағытталған. Алимент берешегі бар азаматтарға қатысты бірқатар мәжбүрлеу шара қарастырылған. Атап айтқанда, борышкердің банктік шоттары бұғатталып, мүлкіне тыйым салынуы мүмкін. Сонымен қатар елден шығуға уақытша шектеу қою, сондай-ақ көлік құралын басқару құқығын шектеу шаралары да қолданылады, – деп атап өтті спикер.
Тараптар өздеріне бекітілген жеке сот орындаушысы туралы мәліметті бірнеше жолмен ала алады. Атап айтқанда, ADILETGOV мобильді қосымшасы арқылы, ҚР Әділет министрлігінің ресми сайтындағы жеке сот орындаушыларының тізілімінен немесе тұрғылықты жері бойынша Жеке сот орындаушылар өңірлік палатасына жүгіну арқылы қажетті ақпаратты білуге мүмкіндік бар.
– Алимент төлеуден жалтарғаны үшін заңнамада қатаң жауапкершілік көзделген. Сот орындаушысының талаптарын орындамаған жағдайда борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға жіберу немесе әкімшілік қамауға алу шаралары қолданылуы мүмкін. Ал алимент төлеуден қасақана әрі ұзақ уақыт бойы жалтарған тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл жағдайда айыппұл салу, түзеу жұмыстарына тарту, бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазалары қарастырылған. Сонымен бірге, борышкерге қатысты елден шығуға, көлік жүргізуге тыйым салу және мүлкін тәркілеу секілді қосымша мәжбүрлеу шаралары да қатар қолданылуы мүмкін, – деді Мағжан Есенбаев.
Өңірлік жеке сот орындаушылары палатасының мәліметінше, алимент өндіру бойынша жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, балалардың заңды құқықтарын қорғау басты басымдық ретінде қала береді.



