— Жалпы, «Сыр елі — жыр елі» деп бекер айтылмайды. Қорқыт ата заманынан жалғасып келе жатқан жыраулық-жыршылық және күйшілік өнер бұл аймақта кең қанат жайған. Жиенбай, Нұртуған, Нартай сынды саңлақтар негізінен қалаған жыршылық мектептерді бүкіл еліміз біледі. Сыр бойы нағыз еңбек адамдарының мекені. Кеңес заманында осы аймақтан жүзге жуық еңбек адамы шыққан. Әйгілі күрішші Ыбырай Жақаевты ерен еңбектің символына балайды. Аға буынның абыройлы жолын бүгінгі ұрпақ лайықты жалғастырып келеді, — деді Президент.
Мемлекет басшысы соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатқанын айтты.
— Былтыр аймақтың жалпы ішкі өнімі 6,5 пайызға өсті. 3 жылда облысқа 2 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылды. Былтыр 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде жаңа жылу электр орталығының іске қосылғанын ерекше атап өткен жөн. Стратегиялық маңызы бар бұл нысан толығымен инвестордың қаржысына салынды. Жылу электр орталығы аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін нығайта түседі, облыс тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Халықтың 80 пайызы көгілдір отынды пайдаланады. Елді мекендерге газ құбырын тарту жұмысы алдағы уақытта жалғаса береді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, аймақтағы автокөлік жолының сапасы жақсы жағдайда екенін айтты.
Облыстық әуе және теміржолы жүйесі де жаңғыртылып жатыр. Қорқыт ата терминалының жаңа терминалы ашылды. Қызылорда қаласындағы тарихи ғимараттың бірі теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Бұған қоса, аймақтағы 10 теміржол бекетін жаңғырту басталды. Мұның бәрі облыстың логистикалық әлеуетін арттыра түседі, — деді Президент.
https://kaz.inform.kz/news/sir-boyi-nagiz-enbek-adamdarinin-meken-memleket-basshisi-7225e9/


