ҚоғамСемейТОП

«Semey Bus» ЖШС арнайы комиссия жұмыс жасауда

16 маусымда «SemeyBus» ЖШС және «Семей» автопаркінің автобустары желіге шықпады, деп хабарлайды Semey News.

Жүргізушілер мен кондукторлар зейнетақы жарналарының төленуін және субсидия бөлінуін талап етті, сонымен қатар компания шоттарына тыйым салынуына байланысты еңбекақыларының кешігулеріне шағымданды. Ал осы уақытта қала бойынша көптеген бағыттарда көлік тоқтап, семейліктер жұмысқа жаяу немесе таксимен баруға мәжбүр болды.

Семей қаласы әкімінің ТКШ және жолаушылар тасымалы сұрақтары бойынша кеңесшісі Дмитрий Гариковтың ақпараты бойынша, барлық шоттар ашылған.

  • Мен Семей қалалық мемлекеттік кіріс басқармасының басшылығымен сөйлестім, иә, зейнетақы төлемдері бойынша проблемалар бар, бірақта жұмыс істеулері керек, – деді Дмитрий Гариков.

Автопарктің наразы жұмысшыларының барлық талаптарын ШҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов және жергілікті атқарушы органның өкілдері тыңдады. Бақытжан Байахметов жұмысшыларды барлық мәселені қала тұрғындарына кесірін тигізбей, өркениетті түрде шешуге шақырды.

  • Сіздер жолаушы тасымалдаушы кәсіпорындарда келісімшарт негізінде жұмыс істейсіздер. Сол құжат бойынша оларды сотқа берулеріңізге болады. Өз тараптарыңыздан мұның бірі де жасалмады. Сондықтан мен ешқандай да кедергі көріп тұрған жоқпын. Автобустарды тоқтатып тастағандарыңыз дұрыс емес, – дейді  облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Баяхметов.

Сонымен қатар, еңбекақы төлеу және зейнетақы төлемдерін жүргізу және басқа да әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыру жауапкершілігі автопарк басшылығына жүктелгені автопарк жұмысшыларының естеріне салынды.

– Сіздер тасымалмен айналысасыздар, адамдарды тасисыздар, тиісінше, шығын көресіздер. Міне, осы бөлікті біз қарастыруымыз қажет, мүмкін оны біреулер қарастырмаған шығар. Бірақта бұған адамдардың кінәсі жоқ, олар уақытылы еңбекақыларын алулары тиіс, уақытында зейнетақы және салық төлемдері жүргізілуі қажет, – деді кездесуде Бақытжан Байахметов.

Ол сонымен қатар барлық кемшіліктерді анықтайтын арнайы комиссия құруға тапсырма берді.

Түс мезгіліне қарай «жасыл парк» автобустары желіге шықты.

– Жағдай тұрақталды, автобустар желіге шықты, қазір қалада комиссия жұмыс жүргізуде. Олар компания басшыларымен және тасымалдаушылардың жұмысшыларымен кездесу өткізуде. Біз қаладағы көлік коллапсын болдырмадық, балама тасымалдаушы тартылды және желіге 50-ден астам көлік шығарылды, – деп атап өтті жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Айжан Рахимбаева.

Соңғы кездері көптеген жанжалдар орын алған «Semey Bus» ЖШС кәсіпорны, «БРК-лизинг» индустриялық даму қорына қомақты сома қарыздар. 2019 жылы автопарк «БРК-лизинг» АҚ арқылы 170 бірліктегі автобусты несиеге алды.

Несие сомасы 4,2 млрд теңге. Бір жарым жылдық жұмыс барысында кәсіпорын басшылығы несиені уақытылы төлеуді қамтамасыз етпеді. Қазіргі уақытта лизинг бойынша қарыз сомасы 1,147 млрд теңгені құрайды, осыған байланысты сәуір айында қормен компанияға дефолт жарияланды. Бұдан бөлек автопарк алдында салық және зейнетақы төлемдері, жанар-жағар май, жабдықтар бойынша шамамен 850 млн теңгені құрайтын қарыздары бар.

Бүгін автопарктің барлық бағыттары әдеттегідей желіде жұмыс істеуде.

Естеріңізге сала кетейік, «Semey Bus» ЖШС автопаркінің жүргізушілері мұндай наразылық ереуілдерін бірінші рет жасап отырған жоқ. Төлем проблемалары мезгілді пайда болып тұрады, бұдан, бірінші кезекте жолаушылар зардап шегуде, олар такси қызметін пайдалануға немесе жұмысқа кешігуге мәжбүр.

Semey News

 

Осы айдарда

Back to top button