Цифрлық Қазақстанды ауылдар мен ауылдық округтерсіз құру мүмкін емес – Президент
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің диалог-платформасында ауылдық округ әкімдері өздерінің кеңейтілген өкілеттіктерін толық іске асырып, салық түсімдерін ұлғайту мақсатында қолданыстағы ақпараттық платформалармен жұмыс істей білуі қажет екнін айтты.

– Цифрлық Қазақстанды ауылдар мен ауылдық округтерсіз құру мүмкін емес. Жасанды интеллект пен жаппай цифрландыру дәуірінде бұл іске ауыл әкімдері де белсенді түрде атсалысқаны жөн. Елді мекендерді цифрландыру ауыл мен қала тұрғындарының тұрмыс сапасын айтарлықтай теңестіреді. Сондықтан Үкімет бұл бағыттағы жұмысты басты басымдықтардың бірі ретінде қарастыруы қажет. Жергілікті жерлерден алынған нақты әрі жедел ақпарат орталықта тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ экономикалық дерекқор негізін қалап, ресурстарды әділ бөлуге ықпал етеді. Алдағы үш жылда Қазақстанды толықтай цифрлық елге айналдыру – жаңа даму кезеңіндегі басты міндеттердің бірі. Болашақта еліміздің әлемде алатын орны осыған тікелей байланысты. Сондықтан мұны тіршілік үшін талас десек, артық айтқандық емес, – деді Президент.
Мемлекет басшысыөркениет көшінен қалмай, технологиялық жаңғыруды жылдамдату қажет екенін айтты.
– Осы аптада Президент Дональд Трамп АҚШ-тың технология саласындағы жаһандық үстемдігін қамтамасыз етуге арналған стратегиялық бастамасын жариялады. Ол үшін жасанды интеллектінің бірыңғай платформасы құрылады. Бұл ғылыми зертханаларды, дата орталықтарды, цифрлық модельдерді және суперкомпьютер желісін біріктіретін ұлттық ақыл-ой алаңы болмақ. Аталған жүйе барлық аса маңызды бағыт бойынша жаңа технологиялар мен материалдарды әзірлеуге тың серпін береді. Ол жартылай өткізгіштерден бастап роботты техникаға дейінгі, ядролық энергетикадан бастап биомедицинаға дейінгі салаларды түгел қамтиды. Бұл арада зерттеу жобасы жайында емес, АҚШ-ты осы салада әлемдік көшбасшыға айналдыратын толыққанды платформа жөнінде әңгіме болып отыр. Мұны іске асыру үшін бір жылға жетер-жетпес мерзім беріліп отыр. Сол себепті бізге де шара қолдану керек. Әлбетте, Қазақстан жаһандық ауқымдағы көшбасшылыққа таласпайды. Бірақ өркениет көшінен қалмай, технологиялық жаңғыруды жылдамдату қажет. Ойланып-толғанып жүруге уақыт аз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы салық-бюджет үдерістерін жетілдіруге қатысты бірқатар ұсыныс айтты.
https://kaz.inform.kz/news/tsifrlik-kazakstandi-auildar-men-auildik-okrugtersz-kuru-mumkn-emes-prezident-872c17/



