ҚазақстанТОП

Қырғызстан делегациясы Қазақстанның жылжымайтын мүлікті тіркеу саласындағы цифрлық шешімдерімен танысты

Қырғыз Республикасының делегациясы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына келіп, Қазақстанның жылжымайтын мүлікті тіркеу және жер кадастры саласындағы цифрлық қызметтерді енгізу тәжірибесімен танысты.

Сапар барысында қырғыз делегациясына тіркеу рәсімдерін жеңілдетуге, үдерістердің жылдамдығын арттыруға және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған негізгі цифрлық шешімдер таныстырылды.

Делегация мүшелері жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу, оның ішінде кепілдер мен мәмілелерді «Blockchain» технологиясының негізінде ресімдеу үдерісімен танысты. Сондай-ақ жылжымайтын мүлікке қатысты сатып алу-сату, кепіл қою және жалға алу шарттарын тіркеуді қамтитын кешенді цифрлық сервистің жұмысы көрсетілді. Сервис іске қосылған уақыттан бері 250 мыңнан астам қызмет көрсетілген.

Қазақстан цифрландыру бағытында өз позициясын жүйелі түрде нығайтып келеді. Бүгінде еліміз электрондық қызметтердің даму деңгейі бойынша жоғарғы көрсеткіштерге ие. Бұл – жүргізіліп жатқан жұмыстың тиімділігін айқындайды. Сонымен бірге қазақстандық цифрлық шешімдерге деген қызығушылық артып келеді: түрлі елдерден келген әріптестер біздің технологиялар мен тәжірибемізді зерделеуге мүдделі. Мұндай кездесулер өзара тәжірибе алмасуға және азаматтардың өмір сапасын жақсартатын заманауи тәсілдерді бірге дамытуға мүмкіндік береді, – деді Арман Кенжеғалиев, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Басқарма Төрағасы.

Талқылауға сондай-ақ Геодезия, картография, кадастр және Жерді қашықтан зондтау мәселелері жөніндегі мемлекетаралық кеңестің жұмыс тобының мүшелері онлайн форматта қатысты. Кеңес құрамына Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Әзірбайжан, Беларусь, Молдова, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан кіреді.

Делегация өкілдері «ЦОН» мобильді қосымшасының мүмкіндіктерімен, Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен және Ахуалдық орталық қызметімен де танысты.

Сапар барысында қонақтар жылжымайтын мүлікті тіркеу саласындағы ауқымды цифрлық трансформацияның ұйымдастырушылық, техникалық және құқықтық компоненттерін жан-жақты зерделеді. Қазақстанның тәжірибесі қазіргі цифрлық шешімдердің тиімділігін көрсетіп, Қырғыз Республикасында осындай бастамаларды енгізуге бағыт-бағдар бола алады.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button