Абай облысыТОП

Семей қаласында 500 орындық Оқушылар сарайының құрылысы қарқынды жүргізілуде

Облыс әкімі Берік Уәли қаланы аралау барысында шаһардың сол жағалауында салынып жатқан Оқушылар сарайының құрылысымен танысты.

Ғимараттың жалпы аумағы – 2,1 гектар, ауданы – 9 800 шаршы метр. Үш қабаттан тұратын орталық бір мезгілде 500 оқушыны, тәулігіне 1500-ге дейін баланы қабылдауға мүмкіндік береді.

Жобаға сәйкес Оқушылар сарайы алты негізгі бағытта (ғылыми-техникалық, көркем-эстетикалық, спорттық-сауықтыру, гуманитарлық, психологиялық және тарихи-өлкетану) қызмет көрсететін болады. Аталған бағыттар бойынша робототехника және бағдарламалау кабинеттері, шығармашылық студиялар, театр және музыка үйірмелері, денешынықтыру және спорт секциялары, білім беру курстары, әдебиет пен тіл үйірмелері, тұлғалық даму алаңдары және өңір тарихы мен мәдениетін зерттеу бөлімдері ашылады. Барлық бөлімдер өз бағытына сәйкес заманауи үлгіде жабдықталады. Келушілерге қолайлы болу үшін жаяу жүргіншілерге арналған көпір салынатын болады.

Қазіргі уақытта нысанда инженерлік желілерді тарту жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс-монтаждау жұмысының 90 пайызы орындалған.

Аймақ басшысы орталықты аралап, мердігерлерге жұмысты уақтылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

Оқушылар сарайы – Мемлекет басшысының Абай облысын қайтадан құрғаннан кейінгі салынып жатқан бірінші ғимарат. Орталықтың тезірек ашылғанын тұрғындар, оқушылар мен ата-аналар күтіп отыр. Нысан қаланың ортасында орналасқан. Айналма жолдың қай жағынан келсеңіз де көрінеді. Ішінде әртүрлі үйірмелер орналасады. Семейдің оқушыларына таптырмайтын орталық болайын деп тұр. Тиісті қаржы бөлінді, Үкімет қолдап отыр. Сондықтан Президент тапсырмасымен салынып жатқан нысанның құрылысын сапалы, уақтылы аяқтауымыз керек, – деді облыс әкімі.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button