Абай облысыБілімТОП

Абай облысында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жұмысы бақылауда

Абай облысы білім басқармасының басшысы Бауыржан Ердембеков Семей қаласындағы бірқатар колледждің жұмысымен танысып, оқу орындарының даму бағытын қарады. Материалдық-техникалық базасы мен тәжірибеге негізделген оқыту жүйесіне баса назар аударылды.

Семей политехникалық колледжінде өндірістік оқыту шеберханалары мен зертханалардың жағдайын көріп, студенттердің тәжірибелік дағдыларды меңгеру барысымен танысты. Колледж базасында жаңа үлгідегі құрал-жабдықтар орнатылып, дуалды оқыту жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп келеді.

Көлік колледжінде еңбек нарығының сұранысына сай жаңа бағыттар ашу және кәсіби тәжірибе сабақтарын жетілдіру мәселелері талқыланды. Колледждің негізгі бағыты – автомобиль және су көлігі, автожол саласы бойынша білікті мамандар даярлау. Басқарма басшысы студенттерге нақты өндірістік ортада тәжірибе жинауға мүмкіндік берудің маңыздылығын атап өтті.

IT және жаңа технологиялар жоғары колледжінде оқу ғимараты толық жаңғыртылып, қауіпсіздік пен цифрлық бақылау жүйелері орнатылған. Қазіргі таңда 53 бейнекамера, Face ID және студенттердің эмоционалдық жағдайын анықтау технологиясы жұмыс істейді.
Бұған қоса, ғимарат инклюзивті стандарттарға бейімделген. Лифт, тактильді белгілер мен арнайы санитарлық бөлмелер қарастырылған.

Колледждің Smart CAMPUS жүйесі аймақтағы алғашқы инновациялық жобалардың бірі болып саналады. Энергия үнемдеу, жарықтандыруды автоматтандыру, қалдықтарды сұрыптау сияқты шешімдер білім беру мекемесінің экологиялық тиімділігін арттыруға бағытталған.

Сондай-ақ Геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжінде болып, құрылыс саласына арналған жаңа зертханалар мен оқу кабинеттерін аралады. Мұнда студенттер құрылыс материалдарының сапасын тексеру, сызба және жобалау жұмыстарын автоматтандыру дағдыларын меңгереді.

Басты мақсат – еңбек нарығына бейімделген, кәсібін жетік меңгерген мамандарды қалыптастыру. Техникалық білім – өңірдің экономикалық әлеуетін арттыратын негізгі бағыт, – деп атап өтті басқарма басшысы.

Кездесу қорытындысында Бауыржан Ердембеков колледждердің облыс экономикасына кадр даярлаудағы жауапкершілігі жоғары екенін айтып, білім беру ұйымдарының директорларына жұмыс берушілермен әріптестікті кеңейту және материалдық базаны күшейту бойынша нақты тапсырмалар берді.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ББ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button