Берік Уәли Абай облысының тұрғындарын Республика күнімен құттықтады

Құрметті жерлестер!
Баршаңызды еліміздің ең ұлық мерекесі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Биыл еліміздің егемендік декларациясын қабылдағанына 35 жыл толып отыр. Президентіміз Тәуелсіздіктің бастауында тұрған осы қастерлі датаның маңызын арттырып, қайта жаңғыртты.
Мемлекет басшысының бастамасымен тарихи әділеттілік орнап, ширек ғасырдан кейін қайта құрылған облысымыз қазіргі таңда өсіп-өркендеп келеді. Өңірдің даму жоспары бекітілді. Аймақта бірқатар әлеуметтік, өндірістік нысандардың құрылысы басталды. Әлеуметтік, мәдени және спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Абай елінің дамуы – барлық өңір тұрғындарының бірлескен еңбегінің нәтижесі. Отанға қызмет ету, туған жердің абыройын асқақтату – әр азаматтың парызы.
Баршаңызға амандық, ырыс-ынтымақ, бақ-береке тілеймін!
Берік Уәли,
Абай облысының әкімі



