Облыс әкімі Абай семейліктерді қала күнімен құттықтады

Құрметті семейліктер!
Баршаңызды қала күнімен шын жүректен құттықтаймын.
Семей – қазақ ренессансының басында тұрған ұлы Абайдың, сол қайта өрлеудің шарықтау шегі – Алаш қайраткерлерінің ізі қалған қастерлі шаһар.
Семей – тұңғыштар мекені. Қазақ даласындағы тұңғыш театр, тұңғыш баспа, тұңғыш футбол клубы, тұңғыш телеграф, тұңғыш банк, тұңғыш цирк біздің қаламызда ашылды.
Сүйікті Семейіміз уақыт өткен сайын өсіп-өркендеп келеді. Облыс орталығында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Қаламыздағы ескі және жаңа көпірлердің асфальт жабыны толықтай жаңартылды. Шаһардағы 52 көшеде орташа жол жөндеу жүргізілді. Оның 36-сына алғаш рет асфальт төселді. 35 аула абаттандырылып, тұрғындардың игілігіне берілді.
Халықтың күнделікті тұрмысына қолайлы жағдай жасау мақсатында биыл бірнеше жаңа автобус сатып алынды.
Мұның барлығы – қала тұрғындарының игілігі үшін жасалып жатқан нақты істер. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады. Алдағы уақытта Семейіміз серпіліп, жасарып, жаңарып, қарқынды даму жолына түсетініне сенімдімін.
Берік Уәли, Абай облысының әкімі