Абай облысыБілімТОП

Абай облысында сұранысқа ие мамандықтарға 200 грант бөлінді

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семейдегі «Ес-Аймақ» рухани орталығында жергілікті бюджет есебінен бөлінген білім беру грантының иегерлерімен кездесті. Кездесуге өңірдегі жоғары оқу орындарының ректорлары, колледж, мектеп директорлары, басқарма басшылары, студенттер қатысты.

Биыл облыс әкімдігі жоғары оқу орнында білім алуға ең қажетті, сұранысқа ие 32 мамандық бойынша 200 грант қарастырды. Педагогика, экономика, техника, құрылыс, медицина, ауыл шаруашылығы және IT саласы мамандарын даярлауға бағытталды.

Білім гранттарын бөлу бағдарламасы алғаш рет 2023 жылы қолға алынды. Биыл тұңғыш рет «Журналистика» және «Стоматология» мамандықтарына да грант қарастырылып, жаңа кадрларды даярлауға жол ашылды.

Ерекше атап өтерлігі, республика бойынша біздің облыс 200 грантпен алдыңғы алтыншы орынға шықты.

Аймақ басшысы грант иегерлерін құттықтап, жастардың алған білімін туған елдің дамуына арнауы қажеттігін атап өтті.

Президентіміз «Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет», – деп атап өткен болатын. Өздеріңіз жақсы білесіздер, аудандар мен шалғай елді-мекендерге жиі іссапармен барып тұрамын. Сол өңірлерді аралаған кезде ең өзекті мәселе кадр тапшылығына куә болып жүрмін. Құжат тапсырған мектеп түлектерінің жалпы саны 500-ден асты. Алайда біз оқу үлгерімі жақсы, баллдары жоғары, пәндік олимпиадалар мен спорт жарыстарының жүлдегерлері болған, сонымен қатар аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың, ауыл мектептерінің түлектеріне басымдық бере отырып, қажет мамандықтарға грант бөлдік. Ал бірқатар облыстарда мұндай грант қарастырылмаған. Бұл дегеніміз – жаңа құрылған өңір үшін үлкен жетістік әрі жастарға жасалған зор қамқорлық. Биыл әкім гранттарының әділ бөлінуін өзім тікелей қадағаладым. Себебі Әділетті қоғам құрып, адал азамат тәрбиелеу ең қадірлі де қасиетті сала білім мен ғылымнан бастау алуы керек деп есептеймін.
Құрметті жастар! Абай облысының болашағы – сіздердің қолдарыңызда. Бүгінгі жеңіс – үлкен жолдың бастауы. Алдағы уақытта елге адал қызмет етіп, өңіріміздің дамуына үлес қосасыздар деп сенемін, – деді облыс әкімі.

Кездесуде облыс әкімінің грантына ие болған студенттер көрсетілген қолдау үшін өз ризашылықтарын жеткізді.

Жастарға көрсетіліп отырған қолдау – біздің білімімізді тереңдетіп, алға қойған мақсаттарымызға жетуімізге үлкен серпін береді. Алдағы уақытта алған білімімізді ел игілігіне жұмсап, сенімді ақтауға бар күшімізді саламыз, – деді Семей медицина университетінің «Стоматология» мамандығының студенті Жібек Теміржанова.

Кездесуде сондай-ақ Абай облысы педагогикалық еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Мәдениет Ахметова, Alikhan Bokeikhan University тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Айрат Базенов сөз алып, әкім гранты жастарға үлкен қолдау, зор мүмкіндік екенін атап өтті.

Қазіргі таңда өңірдегі үш ірі жоғары оқу орнында – Шәкәрім университеті, Alikhan Bokeikhan University және Семей медицина университетінде 20 мыңға жуық студент оқып жатыр.

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Осы айдарда

Back to top button