Тегін дәрі-дәрмекті қалай алуға болады?

Дәрілік заттар арнайы Тізімге (Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-75 бұйрығы) сәйкес, ауру түрлері, оларға арналған препараттар, дозалары және тегін ала алатын азаматтар санаты көрсетілген деңгейде – емханалар арқылы беріледі. Дәрілерді емханаларға жеткізуді «СК-Фармация» ЖШС қамтамасыз етеді, ал төлемді Қор мемлекеттік кепілдік берілген тегін медициналық көмек (ТМККК) және МӘМС қаражаты есебінен жүргізеді.
2025 жылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 262,95 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде Абай облысына 12,44 млрд теңге бөлінді. Биылғы жылдың 7 айында Абай облысында ТМККК аясында 41 611 пациент дәрілік заттармен қамтылды (4,65 млрд теңге, 42 ауру бойынша 191 375 рецепт). МӘМС жүйесінде – 52 936 пациент (894 млн теңге, 42 ауру бойынша 200 815 рецепт). Салыстыру үшін: 2024 жылы ТМККК бойынша – 7,25 млрд теңге, ал МӘМС бойынша – 1,31 млрд теңге игерілген болатын.
Дәріні қалай алуға болады?
Пациент аталған тізімдегі аурудың бірі бойынша диспансерлік есепте тұруы қажет. Ол үшін тексеруден өтіп, диспансерлік есепке қойылады. Осыдан кейін дәрігер рецепт жазады. Рецепт пен жеке куәлікті алып, өз емханасының дәріханасына жүгіну керек.
Егер препарат ұзақ уақыт бойы болмаса, 1439 нөмірі арқылы «СК-Фармация»-ға хабарласуға болады. Егер мәселе жеткізілімде болмаса – ФСМС-ке eotinish порталы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, Telegram-бот @SaqtandyryBot немесе msqory.kz сайты арқылы жүгінуге болады.