Үкіметте Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының экономикалық дамуы, IT-саланың өсу әлеуеті қаралды

Үкіметте ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі штаб отырысы өтті. (https://primeminister.kz/news/ukimette-shygys-kazakstan-zhane-abay-oblystarynyn-ekonomikalyk-damuy-it-salanyn-osu-aleueti-karaldy-29850) Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының экономикалық даму мәселелері, сондай-ақ IT-саланың өсу әлеуеті қаралды.
Абай облысының әкімі Берік Уәли өңірдің экономикалық өсуінің негізгі көрсеткіштері туралы хабарлады. Биылғы 2 айда ауыл шаруашылығында (102,3%), құрылыста (112,7%), ішкі саудада (109,5%), көлік саласында (107,1%), байланыста (108,9%) өсім қамтамасыз етілді. Жыл басынан бері тартылған инвестиция көлемі 31 млрд теңге. Оның 83,8%-ы бюджеттен тыс қаражат.
Шығыс Қазақстан облысында өнеркәсіптің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 40% болғанымен, өңір экономикасын әртараптандыру бағытында белсенді жұмыстар жүргізілуде. Барынша нәтижелі жұмыспен қамтуды, халық табысын және салық түсімін қамтамасыз ететін неғұрлым перспективалы бағыттар ШОБ, оның ішінде туризм, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу, цифрландыру және инфрақұрылым.