Бесқарағай ауданында сүт және шұжық өндірісі дамып келеді
Бесқарағай ауданындағы «Қалиқанұлы» шаруа қожалығы өзінің өндірістік қуатын дамытып, кеңейтуді жалғастыруда. Жуырда аудан әкімі Нұрбек Қошқарбаев шаруашылыққа барып, алдағы жоспарларымен танысты.
Қазіргі уақытта шаруашылықта 600-ге жуық ірі қара бар. Кәсіпорын Семей қаласындағы «Айша» серіктестігімен ынтымақтаса отырып, сүт өндіру мен өңдеуде айтарлықтай жетістіктерге жетті. Бүгінде олар сүт, айран, қаймақ, сүзбе, май сияқты сүт өнімдерінің кең ассортиментінен бөлек шұжық өнімдерінің 25 түрін шығарады.
2024 жылы шаруа қожалығы инвестиция тарта отырып, инфрақұрылымды жаңғыртуды аяқтады. Бұл қаражат сүт-тауар фермасын кеңейтуге, электр және су жүйелерін жаңартуға, сондай-ақ жем өндірудің жаңа әдістерін енгізуге бағытталды. Атап айтқанда, жоңышқа мен сүрлем жүгерісін өсіру басталды. Бұл жануарларды тұрақты жем-шөппен қамтамасыз етеді. Ол үшін 12 заманауи спринклер машиналары мен сорғы жабдықтары сатып алынды.
Кәсіпорынның негізгі мақсаты – өндіріс көлемін ұлғайту және өнім сапасын арттыру. Болашақта тек аудан көлемінде ғана емес, көрші өңірлерге сүт және шұжық өнімдерін жеткізіп, нарықты кеңейтуді жоспарлап отыр.