Семейде жаңажылдық шыршаның шамдары 22 желтоқсан күні жағылады
Семей қаласында жаңа жыл мерекесіне орай ауқымды шаралар ұйымдастырылады Қала орталығы мен М. Әуезов атындағы алаң безендіріліп, жарқыраған шамдармен көмкеріледі.
22 желтоқсан күні сағат 17:00-де Орталық алаңда жаңажылдық басты шыршаның шамдары салтанатты түрде жағылады. Шара барысында театрландырылған қойылымдар, әртістердің өнер көрсетуі, концерттік бағдарламалар мен би кештері ұйымдастырылады. М. Әуезов атындағы алаңда да шырша шамдары жағылып, ойын-сауық бағдарламалары ұсынылады.
Мерекелік атмосфераны қалыптастыру мақсатында қаланың әртүрлі аудандарында жаңажылдық мүсіндер мен композициялар орнатылады. 2022–2023 жылдардан бері қолданыстағы декорациялар биыл жаңа элементтермен толықтырылады.
Сондай-ақ, биыл Семей қаласында алғаш рет атақты Coca-Cola жаңажылдық керуені келеді. Семей Қазақстанның алты қаласының бірі болып, осы мерекелік керуенді қабылдайтын қала атанды.
Айта кету керек, 2019 жылы сатып алынған шырша қатты желден зақымданғандықтан, биыл жаңа шырша орнатылатын болады. Жаңа шыршаның биіктігі 20 метр, ол Орталық алаңға орнатылып жатыр.
Семей қаласы әкімінің баспасөз қызметі