Патриоттық рухтың қанатымен: Астанадан келген ансамбль Мақаншы шекарашыларын рухтандырды
25 қазан – Республика күніне орай, ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментіне қарасты Мақаншы шекара басқармасының мәдениет үйінде патриоттық рухты қолдау мақсатында Астана қаласының Әскери Патриоттық қызмет басқармасының ансамблі концерт қойды.
Жас сарбаздардың жүректерінде отанға деген сүйіспеншілік, мақтаныш және патриоттық сезімді оятуға бағытталған бұл шарада ансамбль мүшелері өздерінің таланттарымен шекарашылардың бойындағы патриоттық рухты одан әрі көтеруге ат салысты.
Концерттің басында шекарашылардың жауапты қызметі туралы бейнеролик көрсетілді. Әншілер “Отаным шекарадан басталады”, “Ел тірегі”, “Шекарашылар әні”, “Theme salsa version” сияқты патриоттық әндерін шырқап, сарбаздардың көңілін көтерді.
Концерт барысында ансамбль мүшелері жас сарбаздардан сұхбат алып, шекарашы болудың қандай екенін сұрады. Сарбаздардың жауаптарынан қызметіне деген мақтаныш пен адалдық сезім анық байқалды.
Іс-шараның соңында Мақаншы шекара басқармасының Тәрбие, идеологиялық және кадрлар бөлімінің басшысы подполковник С.Д.Мынжанов ансамбльдің басшысына алғыс хат пен бағалы сыйлық тапсырды. Әншілерге гүл шоқтары ұсынылып, жылы лебіздер айтылды.
Бұл концерт Мақаншы шекара басқармасының ұжымын рухтандырып, отанға деген сүйіспеншіліктің, патриоттық сезімнің орнықты екенін дәлелдеді. Астанадан келген ансамбльдің жас сарбаздарға сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмайды.