Күдіктінің шолақ мылтықты сатып жіьеру үшін Екібастұздан елордаға арнайы шыққаны анықталған. Маман қорытындысына сәйкес, «ИЖ-58 МА» аңшы мылтығы кесіліп, қысқартылған. Күдікті Орталық базар жанында, қаруды сатып жібермек болған кезде ұсталды. Оның жол дорбасынан қару алынды. Қазіргі кезде күдікті ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұрын сотталған ер адам өз кінәсін мойындады, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 17 мамырдан бастап елорда аумағында қару иелерін тексеру үшін арнайы шара өткізіп жатыр. Учаскелік инспекторлар үйлерді аралап қару сақтау талаптарын тексеріп, тіркелмеген қару-жарақ, жарылғыш заттарды анықтап, тәркілеуде.
Жедел-алдын алу шарасы басталғалы қару-жарақты сақтау және ұстау ережесін бұзуға қатысты 99 факті, қаруды тіркеу тәртібін бұзуға қатысты 91 факті анықталды, 190 қару иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қаруды сату ережесін бұзғаны үшін 281 тіркелген қару алынды. Заңсыз сақталған 21 қару мен 63 оқ тәркіленді. Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті қаруды заңсыз сақтап жүргендер оны өз еркімен тапсырған жағдайда қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын еске салады.
Semey News