Денсаулық

Абай облысы бойынша туберкулезге қарсы жұмыстар жалғасуда

2023 жылы облыс бойынша туберкулезбен сырқаттанғандар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда төмендеген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте “Абай облысы санитариялық -эпидемиологиялық бақылау департаменті” РММ басшысының орынбасары Айгүл Тоқтабаева баяндады.

– Жалпы туберкулезбен ауырғандардың ішінде 4,0 %-ы 14 жасқа дейінгі балалар және 2023 жылы балалар арасында туберкулезбен ауырғандардың сырқаттанушылық көрсеткіші бір деңгейде. 2024 жылдың 2 айында туберкулездің 43 жағдайы тіркеліп, аурушандық 8,9 % төмендеді. Бұл аурудың алдын алу үшін туберкулезге қарсы БЦЖ вакцинасын егу болып табылады, – деп атап өтті департамент басшысының орынбасары.

Ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап «Иә, біз туберкулезді жеңе аламыз» атты бір айлық іс-шара өткізілген. Сонымен қатар, мемлекетімізде 6-7 жастағы балаларға туберкулезге қарсы ревакцинацияны алып тастау ұсынылған.

– Аурудың профилактикасы және оның алдын алу үшін медициналық қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда БЦЖ вакцинасын егу жүргізіледі. Облыс бойынша жаңа туған балаларды туберкулезге қарсы екпемен қамту нәтижесі 95,6% құрады. Жыл басынан бері перзентханаларда 9816 нәресте туылып, оның ішінде 9383 балаға БЦЖ екпесі салынды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады – деді Айгүл Тоқтабаева.

Санитариялық-эпидемияға қарсы профилактика инфекцияның таралмауы үшін бағытталған ересек тұрғындарды тұрақты флюорографиялық қарап-тексеруден өткізу және балалардағы туберкулезді уақытылы анықтау үшін тәуекел тобындағы балаларға манту сынамасын қою тәрізді шаралар кешені қамтылған.
Туберкулезбен ауыратын науқаспен байланыста болған адамдарды уақтылы тұрақты қарап-тексеру және халықтың сауаттылығын арттыру аурудың таралмауы үшін қойылған басты міндеттердің бірі болып табылады.

Semeynews.kz

Осы айдарда

Back to top button