Семейдегі коммуникациялық желілер қашан қалпына келеді

Семей қаласында 326 шақырым жылу желісі бар. Өткен жылы соның 24 шақырымын жаңарту бағытында 9 жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 19,3 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ 5,8 шақырым магистральдық жылу желісін қайта жаңарту бойынша 2 жобаны іске асыруға Үкімет резервінен 15,8 млрд теңге көлемінде қаражат бағытталды. Бұл туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев агенттік тілшісіне берген сұхбатында айтты, – деп хабарлайды Semeynews.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
«2023 жылдың қорытындысы бойынша 24 шақырым магистральдық жылу желілері немесе төсеу жоспарынан 100 пайызы төселді. Бұл өз кезегінде Абай облысы бойынша жылу желілерінің тозуын 75 пайыздан 66 пайызға дейін төмендетті. Бұдан басқа, 2023 жылғы республикалық бюджетті түзету аясында Семей қаласында 4 жобаны іске асыруды бастауға қосымша 365,2 млн теңге бөлінді, ауыспалы жобалар, 2024 жылы аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар, 2024-2026 жылдарға арналған республикалық және облыстық бюджет жобасында 2024 жылы 9 жобаны іске асыруға 7,8 млрд теңге көлемінде қаражат көзделген», — деді әкім.
Ал облыстағы негізгі энергия беруші ұйым «Біріккен ЭнергоСервистік Компания» АҚ деректері бойынша кәсіпорын электр желілерінің тозуы — 96,52 пайыз. Алдын ала есептеу нәтижелеріне сәйкес, биыл желілердің тозу деңгейі 0,54 пайызға төмендейді. Ал облыс бойынша ауыз су желілерінің ұзындығы — 3 196,1 шақырым.
«Оның 47,5 пайызы тозған (1 517,9 шақырым), жөндеуді қажет етеді. Семей қаласы бойынша ауыз су желілерінің тозуы 59,7 пайызға жетіп отыр. 2023 жылы „Қуатты өңірлер — елді дамуының драйвері“ ұлттық жобасы ауқымында 12 елді мекенде ауыз су желілерін салу және қайта құру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 5 720 адам таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. 2024 жылы облыс көлемінде сумен жабдықтау бойынша 53 жоба жоспарланған», — деді Н. Ұранхаев.
Әкімнің айтуынша, Семей қаласында ЖЭО-3 салынбақ. Бұл ретте Степной кентінде жер учаскесі анықтаулы.
Айта кетейік, облыс әкімінің толық сұхбаты бүгін жарияланады.
Semeynews.kz