Абай облысында әлеуметтік аз қамтылған отбасылар басты назарда
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айнұр Сұлтанова әлеуметтік көмек көрсету туралы жоспарларымен бөлісті, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Басқарма облыс бойынша әлеуметтік қорғау және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау саласындағы жұмысты үйлестіреді. Әлеуметтік көмектер атаулы және мереке күндерінде, мұқтаждық болған кезде, әлеуметтік мәні бар аурулар болған кезде көрсетіледі. Әлеуметтік көмекті қаржыландыру жергілікті бюджет арқылы жүргізіледі және біржолғы немесе ай сайынғы сипатта болады.
- 2023 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен жеке санаттағы 32 мың азаматқа 1,2 млрд. теңге сомасына әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді. Жыл сайын жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік көмек мөлшерін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізуде. Осылайша ҰОС ардагерлері мен мүгедектеріне төлем мөлшері 1 млн. теңгеден 1,5 млн. теңгеге, жеңілдіктер бойынша оларға теңестірілген тұлғаларға 100 мың теңгеден 150 мың теңгеге көбейді,- деді Айнұр Сүлтанова.
2024 жылы біржолғы және ай сайынғы әлеуметтік төлемдерді төлеуге 1,3 млрд. теңге қарастырылған. Әлеуметтік көмек алушылардың санатын жергілікті атқарушы органдар айқындайды және бюджетте көзделген қаражат шеңберінде тұрғындардың қажеттіліктері мен сұраныстарына қарай қалалар мен аудандар мәслихаттарының шешімдерімен бекітіледі.
- 8 наурыз қарсаңында көпбалалы аналарға 15 мың теңге көлемінде бір реттік көмек төленді. Облыста көпбалалы аналардың саны 20 464 құрайды. 2023 жылы атаулы әлеуметтік көмекті 2,6 млрд. теңге сомасында 4880 отбасы алды, оның ішінде 1 911 отбасы көпбалалы болып табылады. Қосымша төлемді 1 жастан 6 жасқа дейін 289,3 млн. теңге сомасында 7 042 бала алған, – деп қорытындылады басқарма басшысы.
Атаулы әлеуметтік көмекке және қосымша әлеуметтік төлемге 2023 жылы бюджет қаражаты есебінен 3,2 млрд. теңге бөлінді. Ағымдағы жылы осы мақсатта 4,6 млрд. теңге қарастырылған.
Semeynews.kz