Халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға тарту: Аудандық штаб отырысы
Елімізде әлеуметтік медициналық сақтандыруды қамтуды кеңейту, Қордың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты барлық процестерді цифрландыруды жеделдету бойынша ауқымды шаралар белсенді түрде жүзеге асырылуда.
Халықты медициналық сақтандыру жүйесімен қамту бойынша аудандық және қалалық штабтардың қызметін үйлестіру аясында Ғалымжан Әбілов Абай облысындағы Аягөз, Үржар, Мақаншы аудандарында болды. Өткізілген кездесулерде халықты МӘМС жүйесіне тартудың негізгі мәселелері айқындалды.
«Медициналық сақтандыру жүйесі – әрбір қазақстандық үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды әлеуметтік бастама. Бұл біздің азаматтардың да, мемлекеттің де ұлт денсаулығы үшін әлеуметтік жауапкершілігін көрсетеді!», – деп атап өтті облыстық филиал директоры.
Жұмыс сапары барысында Қор филиалының басшысы бірнеше медициналық мекемелерді аралап, аудандық ауруханалардың медицина қызметкерлерімен және емделушілерімен жеке әңгімелесті. Одан кейін жұмыс берушілер өкілдерімен кездесу өтті.
Жиында Ғалымжан Әбілов қызметкерлердің жарналарын уақытылы төлеудің маңыздылығына тоқталып, сақтандырудың қағидаларын түсіндірді. Сондай-ақ, ол сақтандырылмайтын азаматтардың арасында жалақы алатындар жиі кездесетінін, бұл негізінен ұзақ мерзімді демалыс кезінде аударымдар мен жарналардың қате жіберілуіне байланысты екенін атап өтті.
ӘМСҚ халықты сақтандыру жүйесімен қамтуды арттыруға бағытталған ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аудандық ауруханалар деңгейінде жоғары сапалы медициналық қызмет көрсетуге қомақты қаржы бөлуде.
Semeynews.kz