Бүгін Алғыс айту күніне орай Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов ҰОС ардагері, Халық қарманы Әбдіғали Қаймолдинге алғыс білдірді, – деп хабарлайды Semeynews.kz.
Отан соғысы жылдарында Әбдіғали Қаймолдин сол кездегі он екі майданның бесеуінде жаумен шайқасты.
- Әрине, біз Ұлы Отан соғысындағы батырларымызды тек 9 мамыр Жеңіс күні ғана емес, әрқашан құрметтеуіміз керек.Бүгінгі бейбіт аспанымыз үшін жан алысып жан берген, ардагерлерімізге мың алғыс! Мен аға буын өкілдеріне жанқиярлық еңбектері мен жастарды тәрбиелеуге қосқан баға жетпес үлестері үшін шексіз ризамын! Отансүйгіштіктің, адалдықтың, үлкен шыдамдылықтың айқын үлгісін көрсетіп, ұрпақ қызығын көре беріңіздер! -деді қала басшысы.
Әбдіғали Қаймолдин, 1921 жылы 30 маусымда Абай облысы (бұрынғы Семей облысы Абыралы ауданы), Ұзынбұлақ ауылында шаруалар жанұясында дүниеге келген. 1941 жылы мектепті бітірген Әбдіғали Қаймолдин генерал –майор Кирзимовтың басшылығымен құрылған 105 дивизиямен майданға кетеді. Ол 1942 жылы қыркүйек айында Сталинград түбіндегі шайқаста ауыр жараланып, үш ай госпитальде жатады. Әбдіғали Қаймолдин соғыс жылдары төрт рет жараланған. Сондай-ақ Балтика түбіндегі, Үшінші Белорусь, Бірінші Украина, Сталинград және Харьков үшін болған шайқастарға қатысқан.
1947 жылы Семей ядролық сынақ полигонына қызметке шақырылды – құпия объектіні қорғауды қамтамасыз ету.
Қызметтен кейін өзін партия және мемлекеттік органдарда жұмыс істеуге арнауды шешті. Алдымен КОКП Семей облыстық комитетінде, кейін Жаңасемей және Новопокровка аудандық атқару комитеттерінде еңбек етті. 1977-1982 жылдары “Түрксіб” совхозының партком хатшысы болып жұмыс істеді.
Қызыл жұлдыз және І дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, “Жауынгерлік еңбегі үшін”, “Кенигсбергті алғаны үшін”, “Германияны жеңгені үшін” медальдарымен, Алтын жұлдыз және “Отан” орденімен марапатталған.
Semeynews.kz