Тамақтану орындарындағы санитарлық қауіпсіздік маңызды
Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдеріне ұйымдастырылған баспасөз-мәслихатында тамақтану орындарындағы санитарлық қауіпсіздік және алдын алу жұмыстары туралы сала мамандары баяндап, сауалдарға жауап берді.
Облыс орталығында барлығы 860 қоғамдық тамақтану нысаны, олардың ішінде 50-ден аса орынды қамтитын 130 мекеме бар. Өткен жылы Семей қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жеке және заңды тұлғалардан 68-ден астам өтініш пен шағым келіп түсті. Осы мәселеге байланысты санитарлық ережелерді бұзу бойынша бірқатар жоспардан тыс тексерулер жүргізілді.
Семей қаласындағы нан өнімдерін сататын дүңгіршектің біріне жоспардан тыс тексеру жүрігізіліп, санитарлық талаптар сақталмағандықтан әкімшілік айыппұл салынған.
- Көрсетілген объектіде жоспардан тыс тексеру жүргізілгеннен кейін дүңгіршек иесі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің» 425-бабының 1-бөліміне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, берілген орындау мерзімі бойынша заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама жазылып, 230 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Бұдан басқа, ӘҚБтК-нің 463-бабының 1-бөліміне сәйкес әкімшілік хаттама жасалып, Семей қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жіберіледі, – деді Абай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің тамақтану объектілерін бақылау және қадағалау басқармасының басшысы Айгерім Мұсатаева.
2023 жылы Абай облысында тамақтанудан жаппай улану деректері тіркелмеген. Қазіргі кезде еліміз бойынша көшеде нан өнімдерін сататын дүңгіршектерде санитарлық рұқсат құжаттарының және қызметкерлердің медициналық кітапшасының болмауы сияқты заң бұзушылықтар жиі кездеседі дейді сала мамандары.
Semeynews.kz