Ұлттық ұландықтар ұлттық спорттан сынға түсті
Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты жеті әскери бөлім қазақша күрестен кім мықтыны анықтады. Өскемен қаласында өткен сайыста жеті салмақ дәрежесінде бақ сынаған балуандар боз кілемде аянып қалмады.
- Ұлттық спорт түрлерін насихаттау шараның басты мақсаты. Қазақша күрес жауынгерлердің төзімділігін арттырып, шапшаңдығы мен ептілігін үдете түседі. Сондай-ақ тез ойланып, әдіс таба білуге машықтандыратын спортың ұландықтар үшін маңызы зор. Сондықтан сайысқа әрбір әскери бөлімнің қатысушысы қызу дайындықпен келген, – дейді, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы подполковник дейді Бауыржан Дарыбаев.
Жарыстың құрметті қонақтары ретінде облыстық гандбол федерациясының президенті Маржан Қарабасова, самбодан кеңес одағының спорт шебері спорт ардагері Рымбек Рамазанов қатысты. Мерзімді әскери қызметші Бекарыс Жақсыбек балаң шағынан күреске бейім екен. 60 келі салмақ дәрежесінде Павлодар қаласындағы 5512 әскери бөлімінің намысын қорғаған ол туып-өскен өңіріне сәлем жолдады.
- Түркістан өңірі спортқа құмар жандардың тоғысқан жері. Менің әкем де спорт жаттықтырушысы. Сондықтан менің күреске деген ынтызарлығым ерте оянды. Бүгін міне, өз салмағымда қарсылас шақ келтірмей, үздік шықтым. Бабым мен бағым жарасса келесі кезеңде де жеңімпаз атанамын деген ойдамын, – дейді 5512 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Бекарыс Жақсыбек.
Үш күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте 5512 әскери бөлімі жеңіске жетті. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубок, дипломдар, медальмен және естелік сыйлықтармен мараппаталды. Сайыста үздік өнер көрсеткен ойыншылар өзара іріктеліп наурыз айында Өскемен қаласында өтетін Ұлттық ұлан жауынгерлері арасындағы чемпионатта бақ сынайды. Олар дүбірлі додада «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының намысын қорғамақ.
Semeynews.kz