Спортты насихаттаумен айналысатын мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың қызметін үйлестіру жұмыстарында кемшілік көп. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, – деп хабарлайды Semeynews.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Спортты және саламатты өмір салтын насихаттаумен айналысатын мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың қызметін үйлестіру жұмыстарында кемшілік көп. Осыған байланысты Үкімет Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029-шы жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Біздің алдымызда 2030-шы жылға қарай халықтың 50 пайызын дене шынықтыруға және спортпен шұғылдануға тарту міндеті тұр. Сондықтан салалық министрлік пен әкімдіктер осы бағыттағы жұмысты күшейтуі қажет», – деді Ә. Смайылов.
Оның айтуынша, Мәдениет және спорт министрлігі өңір әкімдіктерімен бірге жұмыс істеп тұрған спорт объектілердің инвентаризациясын аяқтап, оларда жүргізілуі тиіс жұмыс ауқымын айқындауы тиіс.
«Біз әрі қарай жұмыс істеуге қай объектінің мүмкіндігі бар екенін, қайсысы күрделі жөндеуді қажет ететінін, қанша спорттық құрал-жабдықтар қажет екенін нақты білуіміз керек. Екіншіден, өңір әкімдіктері саябақтарды, көшелерді, жағалаулар мен тұрғын үй аулаларын тренажерлармен, спорт алаңдарымен жабдықтауға ерекше назар аударуы тиіс», – деді Үкімет басшысы.
Осы орайда ол мектептердегі спорт алаңдары мен спорт залдарына балалар сабақтан тыс уақытта да емін-еркін баруы керек екенін айтты.
«Мәдениет және спорт, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктері әлемдік тәжірибені ескере отырып, дене шынықтыру жаттықтырушылары мен мұғалімдерін даярлау жүйесін қайта қарауы қажет. Барлық мүдделі мемлекеттік органдар Ақпарат министрлігінің қолдауымен саламатты өмір салтын насихаттау және түсіндіру жұмыстарын күшейтсін», – деді Премьер-Министр.
Semeynews.kz