
Қазақстан халқы Ассамблеясының Қарағанды облысындағы өкілдігі екі күн бойы Абай облысындағы құтқарушылар мен өрттен зардап шеккендер үшін көмек жинады. Қажет болатын негізі заттар – су, азық-түлік, гигиена бұйымдарын сатып алды, – деп хабарлайды Semeynews.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Абай облысында орман өртінде қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтамыз. Қабырғамыз қайысып, барлығымен бірге қайғырудамыз. Екі күн ішінде гуманитарлық көмек жинадық. Алдымен штабқа қоңырау шалып, бірінші кезекте не қажет екенін білдік. Мұнда су, кофе, энергетикалық сусындар, жемістер, тоқаштар, қағаз және дымқыл майлықтар және т.б. бар», – дейді Қарағанды облысы ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Нұрлан Әубәкіров.

Көмек жинауға этномәдени бірлестіктер мен ҚХА құрылымдары қатысты. Аналар кеңесі қолөнершілер жасаған футболкалар мен маскаларды ұсынды. Еріктілер гуманитарлық көмекті жинауға және көлікке жүктеуге көмектесті.

«Бұл бастамаға этномәдени бірлестіктер де қосылды. Отандастарымыздың өмірін қиған Абай облысындағы апат баршамызға ауыр тиіп отыр. Барлығы өз үлестерін қосуға тырысты. Зардап шеккендерге және өртті сөндіруге қатысқандардың барлығына, орман алқаптарын құтқару үшін күресіп жатқандарға көмектесу керек», – деді «Полония» поляк ЭМБ төрағасы Виталий Хмелевский.



Гуманитарлық көмектің бірінші партиясы жіберілді. Келесісі дайындалып жатыр. Қабылдау пункті Қарағандыдағы «Достық үйінде» орналасқан. Байланыс нөмірі: 22-25-87.
Semeynews.kz